«Менің кәсібім» республикалық әлеуметтік жобасы Түркістанда сәтті жүзеге асуда
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат – «Менің кәсібім» республикалық әлеуметтік жобасы Түркістанда сәтті жүзеге асып, қала тұрғындарына қолдау болуда. Бүгін қала әкімі Рашид Аюпов пен жоба авторы Айжани Нұрланова бастаған жауапты сала қызметкерлері жоба арқылы кәсіп ашқан отбасылардың бүгінгі тыныс-тіршілігімен танысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Кәсіп иелері үш апта бұрын берілген құралдары, өнімдерінің нәтижесінде тәттілерін дайындап, тұтынушыларға ұсынуда. Дүкендерге өткізіп, осылайша еңбегінің жемісі мен нәпақасын көруде. Мәселен, Жарқынай Паузи есімді келіншекке әлеуметтік жоба арқылы сандық жасауға арналған жиһаз тақтайы, мата, сонымен бірге барлық құралдарын қоса тарту етілді. Осылайша алты баласы бар ана көрсетілген көмектің жемісін көретініне сенімді. Айта кетейік, жыл бойына жалғасатын жобаға тұрмыс жағдайы төмен отбасылар қатыса алады. Оның ерекшелігі – ешқандай құжат өткізудің қажеті жоқ. Ал, өтінішті тұрғындар халықты жұмыспен қамту орталығына өткізе алады.