«Менің Қазақстаным» пойызы Екібастұзда болды
ЕКІБАСТҰЗ. ҚазАқпарат - Бүгін "Менің Қазақстаным" пойызы Павлодар облысындағы Екібастұз қаласына келіп тоқтады.
"Биыл қазақстандықтар үшін ерекше жыл. Келісім мен татулықтың, ынтымақ пен бірліктің айнасына айналған Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығы турасында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев: "Қазақстандағы қоғамдық келісім, ең алдымен, қазақтың келісімі екенін мықтап есте сақтағанымыз абзал. Қазақтың ынтымағы мен бірлігі мықты болмайынша, мемлекеттің тұтастығын сақтау мүмкін емес. Ендеше Ассамблея - барша қазақстандықтардың мүддесі" деген болатын", - деді салтанатты митингіде сөз сөйлеген қала əкімі Александр Вербняк.
Осыдан соң "Менің Қазақстаным" пойызының директоры Ғазиз Телебаев өзінің қарымта сөзінде былай деді: "Біз көппіз жəне бəріміз бір елміз, бір халықпыз. Өз еліне пайдасын тигізу, өз Отанының тағдырына жауапты болу - əрбір қазақстандық үшін парыз жəне абырой. "Бірліксіз ел тозады, бірлікті ел озады", - дейтін даналықтың шыңына бүгінде барлығымыздың көзіміз жетіп отыр. Ұлтаралық татулық арқасында бүгінде ел тыныш, жұрт аман. Осы берекеміз бұзылмағай! Бірлігі бекем Қазақстанның еңсесі биік болсын!". Айта кетейік, Екібастұз өңірінде 8 ауылдық округ, 2 кент жəне 3 ауыл (барлығы 27 ауылдық елді мекен) орналасқан. Бұл өңірдегі тұрғындар саны 151 мың адамды құрайды. Өңірдің əкімшілік орталығы Екібастұз қаласы болып табылады. Өңір экономикасының басым саласы - өнеркəсіп. 2015 жылдың қаңтар айында қаланың өнеркəсіп кəсіпорындары 47 млрд. 407,8 млн. теңгенің өнімін өндірген. Өңірде ауыл шаруашылық өнімдерін қайта өңдеу бойынша 20 кəсіпорын жұмыс істейді, оның ішінде нан-тоқаш өнімдерін шығару бойынша 9 кəсіпорын, 3 кондитерлік цех, макарон өнімдерін шығаратын 1 цех, сүтті қайта өңдейтін 1 цех, 1 етті қайта өңдеу кешені, күнбағыс майын шығаратын 2 цех, 2 диірмен, теріні қайта өңдеу бойынша 1 цех жұмыс істейді.
2015 жылдың 1 наурызындағы жағдай бойынша қолданыстағы кəсіпкерлік субъектілерінің саны 6522 бірлікті құрайды, оның ішінде 1148 шағын жəне орта заңды тұлға, 5150 жеке кəсіпкерлер, 224 шаруа қожалықтары бар.
Митингіден кейін "Менің Қазақстаным" пойызымен келген мамандар өздеріне жүктелген міндетті атқаруға кірісіп кетті. Қаладағы "Қайнар" кешенінде Қоғамдық қабылдау кеңесінің қоғамдық қабылдауы жүргізілді. Осы кешенде əлеуметтік мəселелер, əділет жəне мемлекеттік қызмет көрсету, бизнес, ауыл шаруашылық, білім беру, банктік жүйе, несиелік мəселелер бойынша қала жұртшылығына кеңес берілді. Екібастұз қаласының №2 емханасында пойызбен келген дəрігерлер жұртшылықты қабылдап, оларға дəрігерлік кеңес беріп, медициналық тексеруден өткізді. "Қайнар" кешенінің үлкен залында "Н.Ə.Назарбаевтың этносаралық толеранттылық жəне қоғамдық келісімнің қазақстандық үлгісі" дəріс-презентациясы өтті.
Кешқұрым Екібастұз қаласының орталық алаңында Е. Хасанғалиев бастаған өнерпаздар қала жұртшылығына үлкен концерттік бағдарламасын ұсынды.