«Менің Қазақстаным: студенттік көктем - 2019» фестивалі мәресіне жетті
ТАЛДЫҚОРҒАН.ҚазАқпарат - Талдықорғанда «Менің Қазақстаным: Студенттік көктем-2019» облыстық жастар фестивалі өз мәресіне жетті.
Төрт номинация бойынша жеңімпаз атанған үздіктер бағалы сыйлықтармен марапатталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Отаным - Атамекенім» патриоттық әндер байқауы бойынша I орынды Кербұлақ ауданынан Мәулеш Әбжапаров, II орынды Жетісу мемлекеттік Университетінің студенті Інібек Ерасыл, III орынды Көксу политехникалық колледжінің студенті Еламан Сағатбеков иеленді. Сондай-ақ, «Көрермен көзайымы» номинациясы бойынша Әлішер Хаметсапа (Сарқан гуманитарлық колледжі) және Жайна Әмидуллаева (Текелі кәсіптік колледжі) марапатталды. Ал «Ұшқыр ойлы Жетісулық жастар» атты пікірсайыс турнирінде I орын - «Erudite» (Талдықорған), II орын - «Көкбөрі» (Көксу ауданы), III орын - «Микс» (Қапшағай) пен «Жетісу» (Ақсу ауданы) командаларына бұйырды.
Сөз зергерлері жарысында көксулық Адуын Бақбол үздік спикер атанды. «Жайдарлы жастар» жайдарман ойыны бойынша I орынды «Креатив» (Талдықорған), II орынды «Тәтті құрама» (Алматы), III орынды «Эффект» (Ақсу ауданы) командалары жеңіп алды.
Көрерменін күлкіге бөлеп, керемет көңіл-күй сыйлаған сайыста «Мәдениет жігіттері» (Қарасай ауданы) командасы «Көрермен көзайымы» номинациясын иеленсе, Мырза Махамбет «Үздік ойыншы» атанды. «Спорт - өмір көркі» тақырыбындағы шағын футбол ойынында I орынды Кербұлақ ауданы, II орынды Алакөл ауданы, III орынды Талдықорған Жоғарғы Политехникалық колледжінің құрамасы иеленді.
Сондай-ақ, Әмір Маратбаев (Қарасай ауданы) - «Үздік ойыншы», Захар Теренко (Текелі қаласы) - «Үздік қақпашы», Рахат Әлімбаев (Көксу ауданы) - «Үздік қорғаушы» номинациясылары бойынша марапатталды.
Байқау үздіктерін Алматы облысы әкімінің орынбасары Ақан Абдуалиев, қала әкімі Ғалымжан Әбдірайымов және Ілияс Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінің ректоры Қуат Баймырзаев марапаттады.
Барлық қатысушыларға бағалы сыйлықтар мен арнайы алғыс хаттар табысталды. Кеш соңында Өмірқұл Айниязов, Олжас Абай, Серікбол Сайлаубек, Ұшқын Жамалбек, Әсет Есжан, Самат Жанғазин сынды қазақ эстрадасының жұлдыздары және облыстық мәдениет саласындағы өнерпаздар өнер көрсетті.
Жетісу жерінде алғаш ұйымдастырылып отырған шараның мақсаты - жастардың қоғамдағы белсенділігін арттырып, шығармашылық шеберлігін шыңдап, дарынды студенттерге қолдау көрсету.
Естеріңізге сала кетейік, Талдықорғанда «Менің Қазақстаным: Студенттік көктем-2019» атты жастардың фестивалі басталғанын хабарлаған болатынбыз. Шараның ашылу салтанатына өңірдегі жоғары және арнаулы оқу орындарынан 500-ден аста студент қатысты.