Менің спорттық жолым әскерден басталды - Олимпиада чемпионы С.Сәпиев

Оған Лондон Олимпиадасының чемпионы Серік Сәпиев қатысты.
Салтанатты шара «Отан қорғаушылар» монументіне гүл шоқтарын қою рәсімінен басталды. Осыдан кейін жиынға қатысушылар сұрапыл соғыстарда құрбан болған қазақстандық жауынгерлерді бір минут үнсіздікпен еске алды. Ал ресми бөлім біткен соң, жастар десантшылардың қоян-қолтық ұрыстарын көріп, республикалық ұлан сарбаздарының сап түзеу қимылдарын ерекше ынта-ықыласпен тамашалады. Іс-шара аясында қару-жарақ көрмесі ұйымдастырылды. Ал арнайы әскери шатырда жастар сарбаз ботқасының дәмін татып көрді.
Астанадағы патриоттық жиынға Лондон Олимпиадасының чемпионы Серік Сәпиев те қатысты. Ол өзінің спорттық жолын әскер қатарынан бастаған екен. «Мен әлі күнге дейін әскер қатарында жүрмін. Қазір келісімшарт бойынша жұмыс істеп жатырмын. Өзім үшін әскер - бұл нағыз өмір мектебі, адамның спорттық рухын көтеретін орта. Негізі, менің спорттық жолым әскер қатарынан басталды. Әлі есімде, сарбаз болып жүрген кезде, сан алуан жарыстарға қатыстым. Оның арқасында алғаш рет Әлем чемпионатына жолдама ұтып алғаным бар. Менің спорттағы жетістіктерім міне, осыдан басталды», - дейді С.Сәпиев.