Менингит белгілері анықталған астаналық баланың туыстары бактериологиялық тексерістен өтті

АСТАНА. ҚазАқпарат - Астанада менингит белгілерімен ауруханаға түскен баланың жанында болған туыстары бактериологиялық тексерістен өтті. Бұл туралы Астанадағы Балалар инфекциялық ауруханасында өткен баспасөз мәслихатында Астана қаласының қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының эпидемология-қадағалау бөлімінің бас маманы Ақмарал Мейірманова мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Менингит белгілері анықталған астаналық баланың туыстары бактериологиялық тексерістен өтті

«Бұл жағдай бойынша Астана қаласының қоғамдық денсаулық сақтау басқармасына шұғыл хабарлама жетті. Осыған байланысты бізде міндетті түрде эпидемиодогиялық шаралар өз уақытында басталды. Яғни ол жақта (Алматыда - авт.) қатынаста болған барлық адамдар анықталды. Олардың саны 14. Бүгінгі таңда барлық 14 адам бактериологиялық тексерістен өтті», - дейді Ақмарал Мейірманова.

Оның айтуынша, 14 адам - ауруханаға түскен баламен үйде бірге болған жақын туыстары жəне бассейнде бірге шомылған адамдар.

«Қатынаста болған адамдардың барлығы кеше кешке сағат тоғызға дейін анықталды. Бүгін сағат 10.00-ге дейін бəрі де бактериологиялық тексерістен өтті», - деп сөзін нықтай түсті Ақмарал Мейірманова.

Еске сала кетсек, 29 мамыр күні 2018 жылы 29 мамырда сағат 13:12-де қалалық инфекциялық балалар ауруxанасына 3 жас 5 айлық бала түскен болатын.

Бүгінгі өткен баспасөз мәслихатында Астана қалалық балалар инфекциялық ауруханасы бас дәрігерінің медицина бойынша орынбасары Ольга Пушкарева Астанада менингит белгілерімен ауруханаға түскен бала 24 мамырда Алматыдан келгенін айтқан еді.

Айта кетер болсақ, осы күндері менингококк инфекциясының таралу ахуалы Алматы қаласында өршіп тұр. Соңғы 2 аптада дəрігерлерге 57 адам жүгінген. Оның 29-ында диагноз расталды. Менингококк жұқпасынан төрт адам қайтыс болды - ер адам, әйел, студент және 5 жасар бала.

Сондай-ақ, кеше Талдықорғанда менингиттен 3 жасар бала көз жұмды. Оның  ата-анасы тексеру үшін ауруханаға жатқызылды.

Фото: egymedicagroup.com