Ментальды арифметика: білім бе, әлде бизнес пе?
АСТАНА. ҚазАқпарат - Осыдан оншақты жыл бұрын дүкендерде калькулятордың орнына домалақ таяқшалары бар тақташа тектес келген есептеуіш құралы қолданылғаны, естеріңізде болар. «Айқын» газеті бүгінгі санында осы мәселеге кеңінен тоқтала келе, ғалымдардың пікіріне жүгінген.
Технология дамып, есептеулерді жеңілдетудің түрлі тәсілін қарастыратын қаншама құралдар қолданысқа енгенімен, әлгі есептегіш «таяқшаның» көмегіне жүгінген оқушылардың ұпайы түгенделіп, асығы алшысынан түсіп тұр. Қалай дейсіз ғой?
Таяуда 9 жастағы Данияр Құрманбаев есімді қазақ баласы ресейлік «Пусть говорят» ток-шоуына арнайы шақырылған болатын. Төрт немесе бес таңбалы сандардың қосындысын ойша еркін есептеп, қорытындысын оп-оңай бөліп, азайтып, яки көбейтіп отырған балаға таңғалмаған көрермен қалмады. Кейін де, бірқатар ресейлік бағдарламаға қатысқан Даниярдың ұстазы бұл есептеу тәсілін «ментальды арифметика» деп атаған еді. 4 сынып-ты бітірген Данияр «абакус» тақтасын ойша елестете отырып, оңай есептейтінін айтқан болатын.
Абакус - ерте замандағы есептеу құралы. Бүгінгі калькулятор мен жазбаша есептеу тәсілдері пайда болғанға дейін абакус қолданыста болған. Біздің дәуірімізге дейінгі 2300-2700 жылдары абакустың жабайы түрі пайдаланылғанын және бұл құрал Мысыр елінде де болғанын тарихшы Герадот жазбасынан біле аламыз. Біздің заманымызға дейін Иран елінде кең қолданыста болған есептеу құралы Индия, Қытай және Рим империясына тараған. Тіпті абакус Қытайда 900 жыл бойына есептегіш құрал ретінде пайдаланылды. 1930 жылдары жапондар бұл есептегіш құралына көбейту және бөлу амалдарын енгізеді. Сөйтіп, есептеудің жаңа үлгідегі тақтасы пайда болып, ол «Соробан» деп аталып кетеді. Бүгінде Жапония мектептеріндегі оқу бағдарламасына енгізілген «Соробан» тәсілімен есептеу елімізге жетіп үлгерді. «Абакус» немесе «Соробан» әдісімен есептеудің он деңгейі болады. Сол есептеу сатыларын жетік меңгерген оқушылар халықаралық олимпиадаларға қатысып, бақтарын сынап көруде. Мәселен, жақында елордамызда ментальды арифметика бойынша «Мемориад» атты республикалық байқау ұйымдастырылды. 5 және 12 жас аралығындағы 150 оқушы қатысқан додада 21 жүлдегер үздік деп танылып, оның үшеуі абсолютті чемпион дәрежесін иеленді. Жеңімпаздар 27 тамызда Түркияда өтетін халықаралық олимпиадаға жолдама алса, І орынды қанжығасына байлаған балақайлар АҚШ-тың Лас Вегас қаласында есте сақтау, жылдам есептеу және оқудан ұйымдастырылатын дүниежүзілік «MEMORIADTM» олимпиадасына қатысады. Бұл жарыста үздік шыққан оқушының есімі «Гиннес» рекордтар кітабына енетін көрінеді. Алматы қаласындағы «Еlite school» ментальды арифметика мектебінің жеті оқушысы аталған жарыста жеңімпаз атанып, түріктердің еліне аттануға дайындалып жатса, 12 жасар Байжақып Марғұлан Лас Вегастағы додада еліміздің намысын қорғайды.
2013 жылдан бері Астана қаласында «Мега интеллект» жеке тұлғаны дамыту орталығы осы саланы дамытумен айналысып келеді. Еліміздің 12 қаласында 15 мектебін ашып үлгерген орталық Түркия, АҚШ, БАӘ елдерінің тәжірибесіне сүйене отырып, жұмыс істейді екен. Бүкіләлемдік «Мемориад» олимпиадасының Қазақстандағы өкілдігі 5-12 жас аралығындағы балалардың ақыл-ой әлеуетін арттыруға негізделген «Мега арифметика» бағдарламасын ұсынады. Бұл бағдарламаның авторы - түрік ғалымы Мелик Дуяр. «Бағдарлама - негізгі төрт арифметикалық амалды ойша жылдам орындауға үйрету арқылы мидың екі бөлігін қатар дамыта отырып есте сақтау қабілетін, қиял қуатын, зейінін, абстракті ойлауын және ой-өрісінің мүмкіндігін жетілдіруге негізделген ұтымды әдістердің бірі. Ерте жастан бұл тәсілмен есептеуді үйренген бала математикалық есептеулерден жақсы нәтижелерге қол жеткізе алады» дейді орталық мамандары. Десек те, белгілі математик Асқар Жұмаділдаев: «Көшеден ермек іздеп, бос жүрген балалардың көңілін аулау үшін ментальды арифметикамен айналысқаны дұрыс та шығар. Бірақ бұл саланың математика ғылымына мүлдем қатысы жоқ. Компьютермен есептеуге болатын сандарды ойша қосып-азайтудың қаншалықты керегі бар? Мұндай жаста әртүрлі музыкалық аспапта ойнауды үйренгені әлдеқайда пайдалы болар еді» дегенді айтады.
Ал кейбір сарапшылар ментальды арифметикамен айналысатын мектептер бұл есептеу тәсілінің франшизасын шетелден сатып алатын және бұл тек бизнес көзі екенін алға тартады. Аптасына бір рет 3 сағат өтетін мұндай дәрістердің айлық бағасы - орта есеппен 20-25 мың теңге. Сонымен, ментальды арифметиканың көздегені не? Бұл тәсілдің қолданыста болуы білімді ұрпақтың қабілетін дамытуға және дәстүрлі математикада нәтижелі болуға септігін тигізе ме?
Физика-математика ғылымдарының докторы, профессор Мұхтарбай Өтелбаев:
- Кез келген мәселені екі жақты қарастыру қажет. Ментальды арифметика тәсілі тек кішкентай балалардың кей қабілетін арттыруға тиімді болмаса, бұл тәсілмен сандарды ойша жылдам қосып-алатын бала математик болып кетеді деуге келмейді және математикалық қабілетін қаншалықты дамытатынын дөп басып айту да қиын. Мәселен, математикада баланың үш-төрт сатылы логикалық ойлау жүйесін дамыту аса маңызды екенін ескерсек, мұндай тәсілдер тек бір сатылы деңгейде қарастырылған жүйе сияқты. Яғни бұл есептеулер баланың қабілетін белгілі бір деңгейге дейін жетелейтіні рас та шығар, бірақ математикалық ойлауын сұмдық дамытады дегенге сене алмаймын. Мәселен, әлемде үлкен ғимараттардың терезесін бірден санай алатын, яки көп таңбалы сандарды жылдам есептейтін адамдар бар. Бірақ олар Жұмаділдаев, Садыбеков сияқты математик бола алмайды.
Экономика ғылымдарының кандидаты, «Еlite school» ментальды арифметика мектебінің директоры София Арғынқызы:
- Біздегі бағдарлама үш техника арқылы жүзеге асады. Алғашқысы, парифметика - саусақтарды пайдалана отырып есептеу. Бұл техниканы классикалық түрде саусақты бүгіп есептеумен шатыстырмау керек. Екіншісі, «соробан» есепшотын пайдалану арқылы жүзеге асады. Және анзан - қосу, азайту, көбейту және бөлу амалдарын ойда орындауға мүмкіндік беретін техника.
«Мега арифметиканың» жетістіктері өте көп. Бұл ілімді меңгерген бала - есепті ойша жылдам әрі дұрыс орындауға, зейінін, есте сақтау және қабыл-
дау қабілеттерін жетілдіруге, ой-өрісінің әлеуетін арттыруға, ауқымды ойлауға, ой жүйріктігі мен тиісті әрекеттерді рефлексті түрде орындауға, білім деңгейін арттыруға және жылдам шешім қабылдауға үйренеді.
Сабақ барысында оқушылардың зейінін, ақпаратты жылдам қабыл-дауын арттыруға, мидың жұмысына тиімді ықпал ететін - «био ритмикалық ларго барокко» әуенін пайдаланамыз. Сондай-ақ жас ерекшеліктеріне қарай топтастырып, мидың екі бөлігін бірдей дамыта отырып, қоршаған ортаны толыққанды қабылдауына мүмкіндік беретін жан-жақты дағдыларын қалыптастыруға жұмыс істейміз.
5-12 жас аралығы баланың кез келген ақпаратты жылдам қабылдауға тиімді кезең саналады. Бұл уақытта бала ақыл-ой қабілетінің аса жоғары концентрациясына жете алады. Осы жас аралығындағы ақыл-ой энергиясының потенциалын дұрыс пайдалану кез келген педагогика саласы үшін аса маңызды.
Алматы, Шымкент және Тараз қалаларында жұмыс істейтін орталығымызға келген оқушыға демо-сабақ жүргізіледі. Бұл сабақта оқушының қабылдау деңгейін байқап, соған сай топтарға бөлеміз. 6-7 оқушыны қамтитын бір топқа аптасына бір рет 3 сағат сабақ жүргізіледі. Қабылдау деңгейі балалардың жасына байланысты емес. Мәселен, қабілетіне қарай 7 жасар оқушымен 11 жастағы бала бір топта оқуы мүмкін. Мақсатымыз - оқушының оқуға деген ынтасын төмендетіп алмау, сол себепті дәріс түрлерін әртүрлі формада өткіземіз. Оқу барысында онлайн-портал қолданылады. Әр оқушыны сайтқа тіркегеннен кейін өзінің жеке панелінің логині беріледі. Онда беріл-ген әртүрлі тапсырмаларды оқушы күнделікті орындап отырады. Тапсырма қай деңгейде орындалғанын, нешеуі дұрыс, яки қате екені мұғалімнің жеке панелінде қорытындыланады. Бұл жүйе арқылы оқушының күнделікті үлгерімін бақылауға мүмкіндік аламыз. Нәтижесін ата-аналар мен оқушылар да бақылай алады. Онлайн сабақтың тапсырмаларын кем дегенде 20 мин орындау қажет. Үш айда бір онлайн рейтинг бойынша үлгерімі ең жақсы оқушыларға бағалы сыйлықтар беріледі. Бұл да оқушылардың бәсекеге қабілеттілігін арттырады.
Әр оқушы өзінше ерекше тұлға болғандықтан, әрқайсысына жеке әдіс іздейміз. Онға дейін санай алатын 5 жасар балақайдың 10 ай орталықта оқып, үштаңбалы сандарды ойша еркін есептей алатынын көргенде қуанамын. Баланың қабілеті шексіз, талап неғұрлым жоғары болған сайын ол соған ұмтылады.