Mercedes Benz өндірістегі роботтар жұмысын адамдарға жүктемек
АСТАНА. ҚазАқпарат - Көлік шығарушы Mercedes Benz үлкен өнеркәсіптік роботтарды адамдармен алмастырмақ. Оларға шағын автоматтандырылған құрылғылар көмектеседі. Осылайша компания өндіріс жұмысын оңтайландырып, автомобиль жасау уақытын қысқартпақ. Бұл туралы Bloomberg агенттігіне компания өндірісінің басшысы Маркус Шефер мәлімдеген.
Роботтар қарапайым операцияларды орындағанымен автомобильдердің сыртқы шанағын жабдықтауға қабілетсіз. «Роботтар қазіргі өндірісіміздегі тапсырыс берушінің өтінішіне орай әртүрлі жұмысты атқаруға шамалары жетпей жатыр», - деді Шефер. Өйткені шанақты әр жолы тапсырыс берушінің ыңғайына сай жасау қол еңбегін талап етеді.
Шефердің айтуынша, компания бір машинаны құрастыруды 61-ден 30 сағатқа дейін азайтуды көздеп отыр. Алайда көліктің модельдер мен жаңғыртылған түрлері көбеюде, ол үшін барлық өндірістік желіні қайта жабдықтау керек, оған бірнеше күн қажет. Ал, дәнекерлеу роботтарын қайта бағдарламалау бір аптаға созылады, осы кезде өндіріс тоқтап қалады.
Mercedes Benz алдағы уақытта осы кемшілікті болдырмау үшін шаруаны адамдарға жүктейді, ал оларға шағын икемді роботтар көмектеспек. Жаңашылдық E-сыныпты соңғы модельдерді құрастыруда пайдаланылуда. Машинаның алдыңғы терезесіндегі жылдамдық және наивгация жөніндегі ақпаратты көрсететін дисплейді бұрын екі робот құрастырса, қазір оны жұмысшы атқарады немесе жеңіл, икемді роботқа жүктеледі.