Mercedes Германиядағы зауыттарын жабуы мүмкін: инвестиция салуды тоқтатты
АСТАНА. KAZINFORM — Mercedes-Benz Германиядағы кәсіпорындарына инвестиция салуды тоқтатып, елдегі кейбір зауыттарын жабу мәселесін қарастырып жатыр. Бұған концерн ішіндегі шығындарды қысқарту жөніндегі келіссөздердің нәтижесіз аяқталуы себеп болған. Бұл туралы DW Die Welt Handelsblatt басылымына сілтеме жасап хабарлады.
Mercedes компаниясының өндіріс жөніндегі директоры Михаэль Шибе шығындарды азайту мәселесі бойынша әлі ортақ шешімге келе алмағандарын айтты.
— Қарқынды әрі бірнеше рет жүргізілген талқылауларға қарамастан, әзірге оңтайлы шешім таба алмадық. Қазіргі шығын деңгейімен Германияға инвестиция сала алмаймыз. Сондықтан директорлар кеңесі Германиядағы кәсіпорындарға барлық жаңа инвестицияны тоқтату туралы бірлескен шешім қабылдады, – деді ол.
Шибенің айтуынша, егер Германиядағы өндіріс шығындарының құрылымын өзгерту мүмкін болмаса, Mercedes компаниясының елдегі кем дегенде бірқатар кәсіпорны жабылуы ықтимал. Ал кейінгі модельдердің өндірісі толығымен шетелге көшірілуі мүмкін.
Өз кезегінде Mercedes компаниясының еңбек қатынастары жөніндегі директоры Бритта Зегер зауыттардың жабылуына жол бермеуге бар күштерін салатынын атап өтті. Дегенмен, оның айтуынша, қазір мұндай сценарийді нақты қарастыруға тура келіп отыр.
Қазан айының соңында Mercedes шығындарды азайту бағдарламасы аясында Германиядағы жұмыс орындарын қосымша қысқартуды жоспарлап отырғанын мәлімдеген еді. Кейін компания 2026 жылға арналған табыс болжамын да төмендетті.
Компанияның соңғы деректеріне сәйкес, үшінші тоқсандағы сатылым рентабельділігі 2,5 пайызға дейін төмендеген. Ал былтырғы жылдың сәйкес кезеңінде бұл көрсеткіш 4,8 пайыз болған.
Концерн қаржылық көрсеткіштердің нашарлауына Қытайдағы бизнесінің құлдырауын, жаңа өнімдерді әзірлеуге жұмсалатын шығындарды себеп ретінде атады. Атап айтқанда, Қытай нарығындағы Mercedes сатылымы бір тоқсанның ішінде шамамен үштен бірге қысқарған.