Mercedes жасанды интеллект арқылы басқарылатын көліктер шығарады

АСТАНА. KAZINFORM – Mercedes-Benz Nvidia жасанды интеллектімен басқарылатын жүргізушісіз көліктерді жаппай шығаруға дайындалып жатыр.

Mercedes готовит автомобили с ИИ Nvidia: когда ждать беспилотные модели
Фото: Mercedes-Benz, Nvidia

Германияның Mercedes-Benz автокөлік өндірушісі мен америкалық Nvidia технологиялық компаниясы алдағы он жылда автономды көлік жүргізу саласындағы ынтымақтастықты дамыту туралы келісімге келді. 

BILD басылымының жазуынша, серіктестер күрделі жол жағдайында өздігінен бағдар табуға, жол қиылыстарын тануға және тұрақ орындарын анықтауға көмектесетін интеллектуалды жүйелердің жаңа буынын әзірлеуді жоспарлап отыр.

Әзірлеменің негізін Mercedes компаниясының МВ.ОС операциялық жүйесі мен «Нвидиа» компаниясының жасанды интеллект технологиялары құрайды. Alpamayo платформасы көліктерге айналадағы жағдайды дәлірек талдауға, ықтимал қауіпті жағдайларды болжауға және тиісті әрекет тәсілін таңдауға мүмкіндік береді.

Ұзақ мерзімді перспективада компаниялар автономды жүргізудің төртінші деңгейіне көшуді көздеп отыр. Автоматтандырудың бұл деңгейінде автомобиль белгілі бір жағдайларда адамның тұрақты бақылауынсыз барлық жүргізу міндетін өздігінен орындай алады.

Әзірленіп жатқан технологияларды роботаксилерде де қолдану мүмкіндігі қарастырылып жатыр.

Mercedes-Benz сериялық көліктерде жаңа функциялардың қашан пайда болатынын әзірге жариялаған жоқ.

Бұған дейін Астанада жүргізушісіз көлік сынақтан өткізілгені хабарланған болатын.