Мердігердің жауапсыздығынан Алматыда бір шағын ауданның инженерлік желілері қайта тартылады
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Алатау ауданына қарасты 14-аумақ шағын ауданындағы инженерлік желілерді қайта тарту қажет. Бұл туралы Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев аудан тұрғындарымен кездесуінде айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Ауданды алғаш аралаған кезімде осы шағын ауданның тұрғындары 2017 жылдың шілдесінде басталған инженерлік желілердің құрылысын аяқтауды және көшелердің асфальт жолдарын қалпына келтіруді сұраған болатын. Сот мердігер ұйым «Керегетас Company LTD» ЖШС-ні жосықсыз деп таныды. 2022 жылдың сәуір айында соттың жұмыстарды аяқтау туралы талаптарын орындамағаны үшін компания құрылыс лицензиясынан айырылды. Осыған байланысты, 14-аумақ шағын ауданындағы инженерлік желілердің құрылысын толық аяқтау үшін жобаны қайта қарап шықтық және барлық қазіргі желілерді қайта салуға мәжбүрміз. Техникалық аудит 2023 жылдың ақпан айының соңына дейін аяқталады», - деді. Ерболат Досаев.
Қазір жаңа мердігер ретінде «Алматы Production Construction Invest» ЖШС ұйымы таңдалған.
«Жұмысты аяқтау мерзімі – 2023 жылдың желтоқсанына дейін. Өткен жылдың қазан айында барлық 14 көшеде менің тапсырмам бойынша жолдар қайта жабылып, тегістелді. Бұл жұмыс тұрақты түрде және одан әрі инженерлік желілер құрылысы аяқталғанға дейін жүргізіледі», - деді Алматы әкімі Ерболат Досаев.