Мереке қарсаңында 76 елордалық отбасы баспана алды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Елорда әкімі Бақыт Сұлтанов үй кезегінде тұрған мемлекеттік және бюджеттік мекеме қызметкерлеріне пәтер кілттерін табыс етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Бүгін Астанада 76 отбасы «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында «Қазақстанның ипотекалық компаниясы» арқылы сатып алу құқығымен жалға берілетін пәтер иелері атанды. Тұрғын үйдің құрылысына 645,6 млн теңге жұмсалған. Оның жалпы көлемі 4 348,9 шаршы метрді құрайды. Әр шаршы метрінің құны - 201 120 теңге. Жалға алу мерзімі - 20 жылға дейін. Дегенмен, 5 жылдан соң пәтерді сатып алу мүмкіндігі қарастырылған.
«Бүгін міне, Жаңа жыл мерекесі алдында елордалық 76 отбасының қуанышына ортақтасып отырмыз. Бұл баспаналар Елбасының тікелей тапсырмасымен «Нұрлы жер» бағдарламасының аясында салынды. Өздеріңіз білетіндей, Астанаға өңірлерден келушілердің саны жыл санап артуда. Баспанаға деген сұраныс жоғары. Тиісінше, пәтер кезегінде тұрғандардың саны да артуда. Бізге берілген тапсырма бойынша алдымен, үй кезегінде тұрған мемлекеттік және бюджеттік мекеме қызметкерлерін тұрғын үймен қамтамасыз етуіміз қажет», - деді қала әкімі Бақыт Сұлтанов.
Елорда әкімі жаңа баспана иелерін құттықтай отырып, пәтер кілттерін табыс етті.
«Мен 2001 жылдан бастап бюджеттік қызметкер ретінде, яғни медицина саласында жұмыс істеймін. Үй кезегіне 2007 жылдан бастап тұрдым. Мемлекет тарапынан қарастырылған осындай бағдарламаның арқасында және әкімдікте тіркелген баспана кезегімнің келуіне орай бүгін үйлі болып жатырмын. Әрине, қуанышымды айтып жеткізе алмаймын. Астанада баспаналы болу әр тұрғынның арманы. Міне біздің де көптен күткен арманымыз орындалды», - деді жаңа пәтер иесі Жанар Көбешова.
Елорда әкімдігінің деректеріне сүйенсек, үстіміздегі жылы «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша Астанада 720 азамат баспаналы болды, оның 410-ы үй кезегінде тұрғандар. Бүгінде үй кезегінде тұрғандар саны 45 669 адамды құрайды және бұл тізім жыл санап артуда.