Мереке күндері елорданың бірқатар көшелерінде көлік қозғалысы шектеледі
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан халықтарының бірлігі күні, Отан қорғаушылар күні және Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 70 жылдығына арналған мерекелік шаралар кезінде Астана қаласының ішкі істер департаменті қоғамдық тәртіп пен жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін бірқатар шаралар қолданады.
Бұл туралы Астана қаласының ІІД баспасөз қызметі хабарлады.
Мәдени шаралар өтетін орындарда көліктердің қозғалысын шектеу жоспарланып отыр.
1 мамыр және 7 мамыр күндері сағат 07.00-ден бастап 13.00-ге дейін Рахымжан Қошқарбаев даңғылынан Шәмші Қалдаяқов көшесіне дейін, М-3 көпірінен Обаған көшесіне дейін, Рақымжан Қошқарбаев даңғылының Бауыржан Момышұлы көшесімен қиылысынан Сарыкөл көшесімен қиылысына дейінгі аралық, Айнакөл көшесінің Сарыкөл көшесімен қиылысы мен Жұмекен Нәжімеденов көшесімен қиылысына дейінгі аралықта көлік қозғалысы шектеледі.
2, 3 және 5 мамыр күндері де парад репетицияларының өткізілуіне байланысты көлік қозғалысы жоғарыдағы кестемен шектеледі.
Бұдан басқа, монтаждау жұмыстарының өткізілуіне байланысты 8 мамырға дейін Тәуелсіздік көшесінің Ахмет Жұбанов көшесі мен Ж.Нәжімеденов көшесі аралығындағы бөлігі жабық болады.