Мереке күндері көкшетаулықтарды тосын сый күтіп тұр - қала əкімі

КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Алда келе жатқан Тұңғыш Президент күнi мен Тәуелсiздiк мерекесiне орай көкшетаулықтарды тосын сыйлар күтуде. Мереке қарсаңында Көкшетау қаласында бiрнеше тұрғын үй мен қоғамдық алаңдарды пайдалануға беру жоспарланған. 

Мереке күндері көкшетаулықтарды тосын сый күтіп тұр - қала əкімі

Сондай-ақ, Жаңа жыл мейрамының да жаңалықтары көп болмақ, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі əкімдіктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Баспасөз қызметінің мәліметі бойынша, желтоқсан айында болатын маңызды мемлекеттiк мереке күндерiн ұйымшылдықпен өткiзуге қатысты қала әкiмi Ермек Маржықпаев ведомстволар мен сала басшыларын жинап, кеңес өткiздi.

Қалалық мәдениет бөлiмi жауапты саналатын шығармашылық шаралармен қатар әлеуметтiк мәселе де назарға алынуы тиiс делiндi. Айдың бiрiншi жартысында жаңа нысандар пайдалануға берiледi. Оның қатарында мемлекеттiк және коммерциялық бағыттағы бiрнеше көпқабатты үйлер, неке қию сарайы, темiржолшылар аллеясы және жастар скверi бар. Қала әкiмi атаулы күндер жақындап келе жатқанын және оған мұқият қарау қажеттiгiн айтты. Көкшетауды Жаңа жыл мерекесiне орай безендiру жұмыстары жақында қолға алынады. Биыл Горький көшесiнiң жарықшамдары жаңартылып, барлық аркалар, субұрқақтар, панель-кронштейндер әрленедi. Бiрнеше аумаққа шырша қойылып, мұз қалашығы салынады. Шаһар басшысы бұл жұмыстардан Красный Яр мен Станционный елдi мекендерi де қалыс қалмауы тиiс деп отыр.