Мереке күндері қосымша авиарейстер мен вагондар енгізілді - ҚР Көлік және коммуникация министрлігі

Астана күніне орай, елордадағы маңызды оқиғалардың куәгері болам дегендер саны жылдан-жылға артып келеді. Соған байланысты бұл мереке қарсаңында осы бағытта жолаушылар легі деп арта түсетіні сөзсіз. Осы сұранысты қамтамасыз ету мақсатында көлік кәсіпорындары барлық шаралар қолдануда.
Айталық, бүгін, шілденің 3-інде, «Эйр Астана» авиакомпаниясының Алматы - Астана - Алматы бағытында «Эйрбастарды» «Боинг» әуе кемелерімен алмастырып, қосымша рейстер ашылды. Аталған іс-қимыл нәтижесінде осы бағыттағы орындар санын 650 бірлікке көбейтуге мүмкіндік туды. Бұл шаралар бұдан былайғы күндері де жалғастырылады.
Темір жол көлігі әкімшілігі де осындай шешім қабылдады. Мереке күндері, оның ішінде шілденің 1-6-сы күндері аралығында, 23 қатынас бағыты бойынша 60 қосымша вагон қосылды. Оның басым бөлігі Астанаға қатынайтын және ол арқылы өтетін пойыздарға тіркелуде.
Әуе және темір жол көлігіндегі өзгертулер мен толықтырулар жайлы ақпаратты әуежай мен темір жол вокзалдарының анықтама қызметтерінен алуға болады.