Мерекелік аптада елордада коронавирус жұқтырушылар саны 10% өсті
«Осы мерекелік аптада науқастармен байланыста болғанына байланысты коронавирус жұқтырушылар саны 10% өсті, яғни орташа есеппен аптасына 500 адамға дейін ауырған болса, қазіргі уақытта байланыста болғандар арасында 750-ге дейін науқас анықталады. Бұл қала тұрғындары карантин талаптарын сақтамағанын көрсетеді. Қазіргі уақытта белсенді ошақтар саны – 1736, оның ішінде: үй – 1081, ұйымдастырылған – 655, онда 4172 байланыста болған адам медициналық бақылауда», - дейді Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы, Нұр-Сұлтан қаласының бас санитарлық дәрігері Сархат Бейсенова.
Оның айтуынша, жас құрылымы бойынша сырқаттанудың ең жоғары деңгейі ересектер арасында тіркелуде. Ол жалпы сырқаттанушылықтың 78,3%-ын құрайды, балалар арасында - 19% және жасөспірімдер - 2,7% құрайды.
«Ересектер арасында 30-39 жас аралығындағы адамдар инфекцияға барынша бейім, олар ересектердің жалпы сырқаттанушылық құрылымында - 30%-ын құрайды. Балалар арасында ең жоғары сырқаттанушылық 3 - 10 жас шамасындағылар тіркелген, оларда балалардың жалпы сырқаттанушылығының 50% - ы тиесілі», - дейді ол.