Мерекелік көңіл күй және алғашқы дауыс берушілер: Алматыда сайлау күні қалай басталды

АЛМАТЫ.KAZINFORM – Таңмен таласа Алматыда 670 сайлау учаскесі ашылды.

Мәслихат сайлауы
Фото: Алматы өңірлік коммуникациялар қызметі

Сағат 07.00-де учаскелік сайлау комиссиясының мүшелері Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Әнұранын орындады. Учаскеге келген қала тұрғындары да кіреберісте тұрып, Әнұранға қосылды.

Әр сайлаушыға екі бюллетеньнен беріледі. Оның бірі партиялық тізім бойынша, екіншісі бірмандатты аумақтық сайлау округтері бойынша дауыс беруге арналған.

Мәслихат сайлауы
Фото: Алматы өңірлік коммуникациялар қызметі

Дауыс берудің алғашқы минутында Жетісу ауданындағы №337 және №343 сайлау учаскелерінде 150-ден астам адам дауыс беріп үлгерді.

№57 және №43 мектептерде орналасқан сайлау учаскелерінде «Менің таңдауым» тақырыптық фотоаймақтары жабдықталып, Алматының тарихы туралы кітаптар, балалардың суреттері мен қыш өнері бұйымдарының көрмесі ұйымдастырылған.

Қалыптасқан дәстүр бойынша алғашқы сайлаушыларға естелік сыйлықтар табысталып жатыр.

Дауыс беру залында өз таңдауын жасауға келген азаматтардың қарасы көбейіп, кезек қалыптасты. Сайлаушылар учаскеге әлі де келіп жатыр. Мұнда жасырын дауыс беруге арналған үш кабина жабдықталған. Оның бірі мүгедектігі бар азаматтарға арналған. Сондай-ақ тактильді жолақтар орнатылған.

Мәслихат сайлауы
Фото: Алматы өңірлік коммуникациялар қызметі

Алматы қалалық аумақтық сайлау комиссиясының мәліметінше, қала бойынша сайлаушылар тізіміне 1 миллион 355 мыңнан астам азамат енгізілген. Мегаполисте барлығы 670 сайлау учаскесі ашылған. Оның 597-сі азаматтардың тіркелген жері бойынша, тағы 73-і уақытша болатын орындарда жұмыс істейді. Сайлау процесін ұйымдастыруға 4 826 комиссия мүшесі жұмылдырылған.

Мүгедектігі бар азаматтардың дауыс беруіне қолайлы жағдай жасау үшін учаскелерде арнайы ақпараттық бұрыштар жабдықталған. Сондай-ақ 170 инватакси көлігі мен 40 сурдоаудармашы қызмет көрсетеді.

24 қарашадағы жағдай бойынша Алматы мәслихаты депутаттығына бірмандатты аумақтық сайлау округтері бойынша 63 кандидат тіркелген. Бұдан бөлек, сайлауға төрт саяси партия қатысып жатыр. Олардың партиялық тізімдерінде 109 кандидат бар.

Алматылықтар өз сайлау учаскесін және сайлаушылар тізімінде бар-жоғын арнайы ресми онлайн-сервис, @almaty_maslihat_2026_bot Telegram-боты немесе 109 қысқа нөмірі арқылы тексере алады.