Мерекелік тарту: Ақмола облысында жаңа мектеп пайдалануға берілді

ҚР Тәуелсіздік күні қарсаңында Аршалы ауданының Жалтыркөл ауылында 300 орындық мектеп пайдалануға берілді, деп хабарлайды Kazinform тілшісі.

Жаңа мектеп
Фото: Ақмола облысының әкімдігі

Ақмола облысы әкімдігі баспасөз қызметінің мәліметінше, мектеп білім беру инфрақұрылымын қолдау қорының қаражатына салынған. Білім беру нысанында физика, химия, шетел тілі, алғашқы әскери дайындық, технология, компьютерлік пәндер мен бастауыш сыныптарға арналған жалпы 21 кабинет бар, онда 250 оқушы оқиды.

Жұмыс істеп тұрған негізгі мектеп жаңасының қолданысқа енгізілуіне байланысты жалпы білім беретін мектеп болып, бұрын Жібек жолы ауылында білім алған орта мектеп оқушыларының оқуын жалғастыруына мүмкіндік береді.

жаңа мектеп
Фото: Ақмола облысының әкімдігі

Аймақ басшысы Марат Ахметжанов жаңа мектепте болып, ішін аралып көрді.

– Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында жаңа мектептің есігін айқара ашуы баршамыз үшін үлкен қуаныш. Соңғы жылдары облысымызда үш ауысымда оқытуды жою жұмыстары жүргізілуде. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев орта білімнің сапасы табысты ұлт болып қалыптасудың маңызды шарты екеніне әрқашан баса назар аударумен келеді. Біз өзімізде оқитын әрбір оқушының сапалы білім, саналы тәрбие алып, жан-жақты дамуы үшін барлық қолайлы жағдайды жасауымыз керек, – деді өңір басшысы.

жаңа мектеп
Фото: Ақмола облысының әкімдігі

Ауыл тұрғыны Өмірзақ Қонарбаев жаңа мектептің салынуына үлес қосқан азаматтарға ауылдастары атынан алығысын білдірді.

– Жаңа мектептің ашылып жатқанына өте қуаныштымыз. Бұл біздің ауыл үшін айтулы оқиға. Алты немерем осында оқиды, Жалтыркөл ауылындағы мектеп бұрын да игі дәстүрлерімен, жоғары жетістіктерімен аты шыққан мектеп деп ауыз толтырып айта аламын. Осы сабақтастық одан әрі жалғасын тауып, жаңа оқу орнында оқыған оқушыларымыз зерделі де зерек болуына тілектеспін. Жаңа мектеп қабырғасынан жаңа өмірге қадам басқан түлектер күні ертең елімізге адал қызмет ететін өнегелі азаматтар болып шығатынан кәміл сенемін, – деп қуанышын жасырмады тұрғын.

Мектептің ашылуына орай, «Сәтті жұлдыз» серіктестігі ауылдық жерлердегі балалар арасында үстелдік зияткерлік ойындарды дамытуға бағытталған «Интеллектуалды конструктор сыныбын» сыйға тартты.

жаңа мектеп
Фото: Ақмола облысының әкімдігі

Айта кетсек, биыл Ақмола облысында 3592 орындық 5 жаңа мектеп пайдалануға берілді. Ал жалпы, «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында аймақта 22 600 орындық 18 мектеп салу жоспарлануда.

Еске салайық, бұдан бұрын Астананың іргесінде жаңа сүт зауыты ашылғанын жазған едік.

жаңа мектеп
Фото: Ақмола облысының әкімдігі

 

 

Соңғы жаңалықтар