Мерей Ақшалов: Мейірімнің жекпе-жекте ащы тері шықпай қалды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Кеше Астанада өткен бокс кешінде қарсыласын бірінші раудта-ақ жойқын жұдырығымен ринг сыртына шығарып жіберген Мейірім Нұрсұлтановтың туған ағасы, бокстан әлем чемпионы Мерей Ақшалов інісін екі апта өзі жаттықтырғанын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Мерей Ақшалов: Мейірімнің жекпе-жекте ащы тері шықпай қалды

- Рингке ініңізді өзіңіз бастап шықтыңыз. Жаттығуда да қасында болдыңыз ба?

- Әрине, АҚШ-тан інімнің спарниг қарсыластары келгенше екі апта Астанада өзім жаттықтырдым.  Спаринг қарсыластары келген соң да, жаттығу залына жиі бас сұғып, әр қимылын жіті бақылауымда ұстадым. Қолымнан келгенше бар көмегімді жасап, жеңіске жетуіне күш-қуат пен бірге ақыл кеңесімді де аяған жоқпын.

- Бүгін ініңіз сол еңбегіңізді өтеп, үмітіңізді ақтады. Қуанышыңызда шек жоқ болар...

- Мұндай жеңіске кім қуанбайды. Мен ғана емес, барша қазақ баласы қуанып жатыр. Бірақ Мейірімнің бокстасып мейірі қанбай қалды. Қарсыласы рингтен ұшып кетті де, ары қарай айқасты жалғастырудан өз еркімен бас тартқанын көрдіңіздер ғой.

- Негізі, ініңіздің нокаудпен жеңетініне сенімді болдыңыз ба?

- Сенімді болдым. Бірақ айызы қанып, қарсыласын төпештей алмағаны бекер болды. Бар болғаны бір минутта жекпе-жек аяқталды.

- Сіздің ойыңызша, ініңіз нешінші раундқа дейін баруы керек еді?

- Үшінші раундқа дейін бокстасқанда керемет болар еді. Інімнің ащы тері шықпай қалды. Жанкүйерлерінің де алақаны қызған жоқ. Мен мұндай тез бітеді деп ойлаған жоқпын.

- Ініңіздің болашағына қаншалықты сеніммен қарайсыз?

- Мен ініме сенем. Болашағы жарқын деп ойлаймын. Егер Мейірім осы қарқынынан танбай тер төксе, екі жыл көлемінде «Әлем чемпионы» титулына қол жеткізе алады деген сенімдемін.

- Сырт алаңдарда өтетін жекпе-жектерін де осылай қадағалап отырасыз ба?

- Әрине, кейбір айқастарында қасында бола алмасам да, алыстан ақыл-кеңесімді жеткізіп, әр жаттығуын назардан таса қылмаймын. Алдағы уақытта да осылай болып қала береді. Мейірімнің өз бапкерлері бар, кеңесшілері бар. Бірақ мен ағасы болғандықтан көптеген жұмыстарын менімен жиі ақылдасады.

- Әңгімеңізге рахмет!