Мерейлі отбасы: Алматыда кәсіпкерлер отбасы жеңімпаз атанды
Елімізде 2013 жылы қыркүйек айының екінші жексенбісі отбасы күні болып белгіленіп, 2014 жылдан бастап «Мерейлі отбасы» ұлттық конкурс бастау алды. Биыл жыл сайынғы дәстүр бойынша Халықаралық отбасы күніне орай «Мерейлі отбасы» конкурсы 15 мамырда бастау алған болатын. Бұл ретте «Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсын Алматы қаласында ұйымдастыру мақсатында қалалық комиссия құрылған еді.
Оның құрамына қала әкімі мен қала әкімінің орынбасары, Қоғамдық даму, Мәдениет, Жастар саясаты, Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқарма басшылары, Алматы қаласы әкімінің аппараты әлеуметтік даму бөлімінің бас инспекторы – Алматы қаласы әкімінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссияның хатшысы, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері, мәслихат депутаты, Алматы қаласы Қоғамдық кеңесінің мүшесі, сонымен қатар, конкурстың өткен жылғы жеңімпазы кірді.
«Алматы қаласында дәстүрлі «Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсына мамыр-шілде аралығында өтінімдер қабылданды. 1-10 шілде аралығында аудандық комиссия құрамы өтінімдерді қарап, үздік шыққан 2 отбасыны қалалық комиссияның қарауына жіберді. 14 шілдеде «Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсының Алматы қаласы бойынша жеңімпаздарды анықтау жөніндегі комиссиясының отырысы өтті. Қаланың 200-ден аса отбасы конкурсқа қатысуға ниет білдірген. Комиссия қалалық кезеңге аудандардан 8 отбасын және олардың арасынан 1 отбасын Алматы қаласы атынан республикалық кезеңге қатысуға таңдады. Бүгін осы мерекеге қатысқан отбасылардың өкілдері өз өмірін болашақ ұрпақты тәрбиелеуге, отбасылық байланыстарды нығайтуға арнады. Олардың жүректері туыстары мен жақындарына, өз Отанына деген сүйіспеншілікке толы. Әр отбасы өз шежіресін дайындап, бейнебаянда олар өз тарихын, жетістіктерін айтып берді.», - деді ұйымдастырушы, Халықаралық «Жанашыр» қоғамдық қорының президенті Жаңыл Әпетова.
Қала орталығындағы «Бақыт» салтанат сарайында өткен салтанатты марапаттау рәсімінде Алматы қаласы Қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары Ренат Бекбергенов Алматының 8 ауданынан «Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсында озық шыққан сегіз отбасына 300 мың теңгенің сертификаты мен дипломын табыс етті.
ҚР тұңғыш Еңбек Ері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан Педагогикалық Ғылымдар академиясының академигі, Алматы қаласының Құрметті азаматы Аягүл Миразова конкурстың республикалық кезеңіне өткен жеңімпаз Сыбанбековтер отбасына 700 мың теңгенің сертификаты мен дипломын табыс етті.