«Мерейлі Отбасы» байқауының жүлдегері Есқожиндер отбасы биыл 48-ші үйлену тойын өткізеді
АСТАНА. ҚазАқпарат - «Мерейлі Отбасы» байқауының арқасында елімізде үлгілі отасылардың саны артты. Бұл туралы бүгін аталған ұлттық байқаудың жеңімпаздарын марапаттауға арналған шарада агенттік тілшісіне Алматы облысы бойынша үздік танылған отбасының отағасы Әнуарбек Есқожин айтты.
«Барлығы жақсы әрі әділ өтті. Біз жаңа «Нива» көлігіне иелендік және осы сыйлыққа алғысымды айтамын. Әйелім екеуіміз 1998 жылдан бері жетім және ата-ананың қамқорлығынсыз қалған 340 баланы тәрбиеледік. Осы 16 жылда біздің отбасымыздағы 48-ші үйлену тойы Талғарда өтеді»,-деді Ә. Есқожин.
Ол Қазақстан бойынша игі шараға бастамашы болған Президент Нұрсұлтан Назарбаевқа алғысын білдірді.
«Мерейлі Отбасы» байқауының арқасында біздің Отанымызда үлгілі және бақытты отбасылар саны арта түсті»,-деді отағасы.
Ә. Есқожиннің зайыбы Тұяқ Есқожина Талғар ауданының Құрметті азаматшасы, Қазақстанның іскер әйелдер республикалық байқауындағы «Парасаттылық пен мейірімділік» аталымының жеңімпазы. Өткен жылы Елбасының ұсынысымен Ұлттық қордан «Алтын жүрек» наградасымен, «Жетім балаларға көрсеткен қамқорлығы үшін» аталымымен марапатталды.