«Мерейлі отбасы» конкурсының ұлттық кезеңіне қатысатын 17 отбасы анықталды

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бүгін Нұр-Сұлтанда ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Гүлшара Әбдіқалықованың төрағалығымен «Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсының лауреаты атағын беру жөніндегі комиссияның отырысы өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Мерейлі отбасы» конкурсының ұлттық кезеңіне қатысатын 17 отбасы анықталды

Отырысты ашқан Гүлшара Әбдіқалықова Тұңғыш Президент - Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың: «Отбасы - бұл өз халқына, оның мәдениеті мен тұрмысына деген махаббаттың сарқылмас көзі. Бұл отаншылдық және ата-аналардың, балалар мен немерелердің бақыты арқылы отанымыздың гүлденуіне мәңгілік қамқорлық» деген сөздерін айтып өтті.

Байқау жеңімпаздарын анықтау барысында отбасы мүшелерінің жетістіктері мен олардың маңыздылығы, үлкендерге деген құрмет пен сүйіспеншілікке негізделген рухани-адамгершілік құндылықтарын сақтап, ұрпақтан-ұрпаққа жалғастыру басты ұстаным болды.

Конкурс үш кезең - аудандық, өңірлік және ұлттық кезең бойынша өтеді.

Гүлшара Әбдіқалықова конкурсқа қатысушылардың саны жыл сайын артып келе жатқанын атап өтті. Биыл оған 3 204 отбасы қатысқан, бұл 2014 жылмен салыстырғанда 2,5 есе көп.

Осы жылдар ішінде Конкурсқа 15 197 отбасы, оның ішінде 9 407 отбасы (62%) ауылдан қатысты. Конкурстың барлық қатысушыларының 36,3% - көпбалалы отбасылар, 18% - жас отбасылар, 17% - бір мамандық еңбеккерлері әулеттерінің өкілдері.

Биылғы мамыр айында барлық облыстарда және республикалық маңызы бар қалаларда аймақтық кезең жеңімпаздарын марапаттауға арналған іс-шаралар мен салтанатты рәсімдер өткізілді, сондай-ақ әр өңірден ақырғы кезеңге қатысатын 2 отбасы белгілі болды.

Комиссия мүшелері Конкурстың ұлттық кезеңіне қатысатын 17 үміткерді анықтады.

Қазақстандықтар «Мерейлі отбасы» конкурсының ақырғы кезеңінде жеңімпазды анықтауға kaztube.kz сайты және SМS-хабарламалармен дауыс беру арқылы қатыса алады.

Дауыс беру қорытындысы қыркүйектің екінші жексенбісінде мерекеленетін Отбасы күні қарсаңында шығарылады.