Меркель Facebook-те нәсілшіл сипаттағы посттардың таралуына байланысты наразылық білдірді
Осыған байланысты үкімет басшысы сенбі күні Нью-Йорктегі БҰҰ шараларының бірінде Марк Цукербергке осы мәселе бойынша наразылығын жеке айтты.
Bloomberg агенттігінің мәліметтеріне сәйкес, Меркель Facebook басшысына бейресми жағдайда тиісті сұрағын қойды. Цукерберг: «Біз онымен әлі жұмыс істеуіміз керек», - деп жауап берген.
Канцлер одан тағы: «Осы бағытта жұмыс жүргізіп жатырсыз ба?» - деп сұраған. Цукерберг оған «Иә» деп жауап берген.
ГФР-ға босқындардың көптеп келуі және тым оңшыл радикалдардың қимылдарының жағдайында Меркель 11 қыркүйекте баспасөзге берген сұхбатында Facebook басшылығын әлеуметтік желіде ксенофобтық мазмұндағы пікірлердің таралуымен белсендірек күресуге шақырды.
«Адамдар әлеуметтік желілерде тұрғындардың бір бөлігін екіншісіне қарсы шағыстырып отырғанда, оларға тек мемлекет қарсылық көрсетіп қоймай, Facebook компаниясы да осындай пікірлердің таралуымен күресуі тиіс», - деп атап өтті Меркель.
Канцлер Facebook-тің ережелер жинағы бар екенін, бірақ оларды «іс жүзінде қолдану қажет болып тұрғанын» айтты.
14 қыркүйекте Facebook қосымша шаралар қабылдауға, атап айтқанда, сарапшылық топ құрып, Германиядағы арандатушыларға қарсы науқанды бастауды уәде еткен, деп жазады ТАСС.