Меркіде балаларға арналған оңалту және бейімдеу орталығы ашылды

ТАРАЗ. ҚазАқпарат - Жамбыл облысы Меркі ауданында мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған оңалту және бейімдеу орталығы ашылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
None
None

Жаңадан ашылған әлеуметтік нысан 25 ем алушыға арналған. Онда жеке оңалту бағдарламасы бойынша балалар келіп, ем ала алады. Қазіргі таңда орталықта 20-дан астам жеткіншек арнайы медициналық сараптамадан өтіп, тегін ем қабылдап жатыр десек, алдағы уақытта орын санын 40 төсекке дейін көбейту көзделуде. Бұл туралы орталық директоры Клара Ракаева айтып берді.

Құны 52 миллион теңге болатын әлеуметтік нысанда 29 маман жұмыс істейді. Ғимарат іші ойын бөлмесі, баланың ой-санасын дамытатын ойыншықтармен толтырылса, дене шынықтыру бөлмесі арнайы құрылғылармен жабдықталған. Сондай-ақ мұнда ерекше балалардың сенсорлық қабілетін және ұсақ қол моторикасын дамытуға арналған құралдар да бар.

«Енді шалғай облыс орталығына немесе өзге қалаларға бармай-ақ өз ауданымызда ем қабылдай аламыз. Бұл бізге үлкен көмек болып отыр. Балаларымыз осы жерде ем алады. Массажы бар, таңертең 8 жарымда алып келеміз, кешке 5-те алып кетеміз. Балаларымыз да осы жерге келгісі келіп тұрады» - дейді аудан тұрғыны Айзада Балтамұратова.

Айта кетейік, бүгінде аудан бойынша екі жарым мыңнан аса мүмкіндігі шектеулі жан болса, олардың 357-сі - бір жарым жастан 18 жасқа дейінгі сал ауруы мен қимыл тірек қозғалысы дамымаған жеткіншектер екен.

Соңғы жаңалықтар