Мерт болған ХАМАС басшысы Исмаил Хания туралы не білеміз

АСТАНА. KAZINFORM – ХАМАС қозғалысы саяси бюросының жетекшісі Исмаил Хания Палестинаны тәуелсіз ел ретінде тануға ұмтылған күшті прагматик ретінде танымал. Ол Израильмен атысты тоқтату туралы келіссөздерге жауапты еді.

Исмаил Хания
Фото: ИРНА

Исмаил Хания 1962 жылы Газа қаласының солтүстігіндегі Шати палестиналық босқындар лагерінде дүниеге келген. Оның отбасы 1948 жылы қазіргі Израиль аумағынан шығарылды. Ол орта және жоғары білімді Газада алған, яғни араб әдебиетін оқып, кейін ХАМАС ұйымының қатарына қосылған.

ХАМАС-та саяси ықпалға ие бола бастады. И. Хания ХАМАС-тың рухани көшбасшысы және негізін қалаушы Шейх Ахмед Ясиннің жеке хатшысы болды, оны 2003 жылы Израиль әскерлері өлтірді.

2006 жылы И. Хания саясатқа бет бұрды. Ол ресми сайлауда жеңіске жетіп, Палестина автономиясының Премьер-Министрі болды. Алайда, бір жылдан кейін Газа секторындағы саяси партиялардың ішіндегі тұрақсыз жағдайға байланысты екі үкімет құрылды. 2007 жылы ХАМАС жақтастары И. Ханияның отставкаға кету туралы жарлығын мойындаудан бас тартты, содан кейін ол жаңа министрлер кабинетін жинады.

2018 жылы АҚШ Мемлекеттік департаменті оны террорист деп таныды, ал 2024 жылдың мамырында Халықаралық Сот прокуроры Кәрім Хан оны тұтқындауға санкция сұрады. Ол Израильге шабуылда кісі өлтіру, кепілге алу және тұтқындарға зорлық-зомбылық көрсету әскери қылмыстары үшін жауапты деп танылды.

Исмаил Хания және оның отбасы мүшелеріне бірнеше рет қастандық жасалды. Оның әпкесі Газадағы көшбасшының үйіне бағытталған шабуыл кезінде қайтыс болды. Оның 13 ұлының үшеуі басқа әскери операцияда ажал құшты.

Шетелдік БАҚ И.Ханияның жеке байлығын есептеп, 4 миллиард долларға бағалап отыр. Олардың болжамынша, Хания ХАМАС-қа көмек үшін жиналған қаржы есебінен көлемді табыс тапқан.

Бүгін таңертең Тегеранда ХАМАС басшысы Исмаил Ханияның қаза тапқаны туралы хабарлаған едік.