Меруерт Қамалиденова оқушылар арасындағы әлем чемпионатының қола жүлдегері атанды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бразилияның Жуис де Фора қаласында оқушылар арасында шахматтан әлем чемпионаты аяқталды. Қазақстандық шахматшылар жоғары нәтиже көрсетті. Жарысқа әлемнің 20 елінен келген спортшылар қатысты.
Бұл туралы Шахматтан мектеп оқушылары арасындағы әлем чемпионатының ресми сайтында хабарланды.
Тоғыз жасқа дейінгі топта қыздар арасында Меруерт Қамалдинова қола медальді жеңіп алды. Бір атап өтетіні, Меруерт елордадағы «Ұлттық шахматшылар одағы» клубының тәрбиеленушісі.
Бибісара Асаубаева 11 жасқа дейінгілер арасында 6 орыннан көрініп, блиц турнирдің жеңімпазы атанды.
Сонымен бірге басқа да спортшыларымыздың да жақсы нәтижелерін атап өткен жөн:
Әлім Тоғызбай 7 жасқа дейінгі санатта 5-орынға ие болды.
Арыстанбек Оразаев 17 жасқа дейінгі санатта 4-орынды еншіледі.
Әбілмансұр Аңсат 9 жасқа дейінгі санатта 7-орын алды.
Ал Болатбек Мыңбаев 15 жасқа дейінгі санатта 5-орынды олжалады.