Меруерт Өтекешова: Махаббаттың тірегі – адалдық, ізгілік, мейірім
АСТАНА. KAZINFORM – Бүгін елімізде Ғашықтар күні аталып өтіп жатыр. Мерекеге орай Kazinform тілшісі махаббаттың, сұлулықтың символына айналған Меруерт Өтекешовамен тілдесіп, қазақстандықтарға арналған ізгі тілегін жазып алған еді.
«Қыз Жібек» фильмі арқылы қазақ қыздарының сұлулығы мен адалдығының жарқын бейнесіне айналған Қазақстанның халық әртісі жастарға мәңгілік махаббат тілеп, сезімге адал болуға шақырды.
– Құрметті жастар, мен сіздерді өте жақсы көремін. Сіздер үшін «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» күні болса, мен үшін «Қыз Жібек – Төлеген» күні. Махаббаттың тірегі – адалдық, ізгілік, мейірім. Біз махаббатқа сенуіміз керек. Романтикасыз махаббат болмайды. Сондықтан жастарды романтик болуға шақырамын. Махаббатсыз өмір жоқ, өнерсіз өмір жоқ. Баршаңызға үлкен бақыт, мәңгілік махаббат тілеймін, – деді Меруерт Өтекешова.
Айта кетейік, Қазақстанда 15 сәуір – Ұлттық ғашықтар күні ретінде аталып өтеді. Бұған дейін ұлт тарихындағы ұлы ғашықтар туралы, әлем елдеріндегі махаббат мерекелері жайында жазған едік.