Мерзімі өткен кредиторлық берешек көлемі 10 млрд теңгеге дейін төмендетіледі
АСТАНА. KAZINFORM – Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры Қаржы министрлігінің қарамағына берілгеннен кейінгі бірінші кезектегі міндеті қаржылық шығындарға жол бермеу мен қаражаттың мақсатты пайдалануын қамтамасыз ету болды. Азаматтарды емдеуге жұмсалатын қаражат медициналық ұйымдарға көрсетілген медициналық көмектің негізділігі мен нақты көрсетілуіне сәйкес жетуі тиіс.
Қаржы министрлігі мәліметінше, жүргізілген жұмыстың 9 айдағы нәтижесі бойынша қаражаттың жылыстауына әкеп соғатын арналар анықталып, жолы кесілді, 23,4 млрд теңге көлемінде қаржылық шығынның алды алынды. Қозғалған қылмыстық істер аясында өнім берушілерге заңсыз төленген 7,9 млрд теңгеден астам қаражатты қайтару жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Жасанды интеллект негізіндегі антифрод жүйесін қоса алғанда, жаңа құралдарды қолдану заңбұзушылық белгілерін ақша аударылғанға дейін анықтауға және негізсіз төлемдердің алдын алуға мүмкіндік береді.
Үнемделген және қайтарылған қаражат медициналық көмекті төлеуге бағытталды.
Алғашқы өзгерістер қазірдің өзінде байқалып, медициналық ұйымдарға бағытталатын қаржы ағыны ұлғайды.
Атап айтқанда, медициналық ұйымдарды қаржыландыру лимиттері ұлғайып, ауруханаларға медициналық көмек нақты көрсетілгеннен кейін медициналық қызметтерге ақы төлеу мүмкіндігі берілді. Медициналық ұйымдарға көмек көлемін сызықтық шкаланы қолдану арқылы шектеу тәжірибесінен кезең-кезеңімен бас тарту жұмыстары жүріп жатыр.
Бұл халыққа жоспарлы медициналық көмек көрсету мүмкіндіктерін кеңейтіп, ауруханалардың кредиторлық берешегін азайтуға ықпал етеді.
Қор берешектің жалпы сомасын тіркеуден әрбір проблемалық клиника бойынша оның туындау себептерін талдауға көшті.
Жалпы, ел бойынша мерзімі өткен кредиторлық берешегі бар 68 медициналық ұйым анықталды. Олардың әрқайсысы бойынша жергілікті атқарушы органдардың қатысуымен қаржылық сауықтырудың нақты жоспарлары әзірленді.
Осылайша, кіріс бөлігін ұлғайту және қанағаттандырылмаған қажеттілік расталған жағдайларда оның көлемін түзету есебінен 2026 жылдың соңына қарай мерзімі өткен кредиторлық берешек көлемін 17 млрд теңгеден 10 млрд теңгеге дейін төмендету болжанып отыр.
Бұл нәтижелер тұрақтанған сайын пациенттер оның нақты әсерін медициналық көмек алу кезегінің қысқаруы және қажетті емді уақытылы алу мүмкіндігінің артуы арқылы сезінуі тиіс.
Павлодардағы медициналық мекемелердің кредиторлық қарызы азаймай тұрғанын жазған едік.