Мерзімді әскери қызметтен өтпеген азаматтар әскери мамандық алып, әскери билет иелене алады
АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстан азаматтары Қорғаныс министрлігінің Әскери-техникалық мектебінде оқып, әскери-есептік мамандық алып, әскери билет иелене алады.
Бағдарламаға түрлі себептермен мерзімді әскери қызметтен өтпеген 24-27 жас аралығындағы әскерге шақырылушылар және әскери қызметке жарамды немесе денсаулығына байланысты болмашы шектеулері бар әскери міндеттілер қабылданады.
Оқуға өтініш eGov.kz порталы арқылы беріледі. Ол үшін «Әскери есеп және қауіпсіздік» бөліміндегі «Әскери-техникалық және өзге де мамандықтар бойынша даярлауға жіберу үшін әскерге шақырылушылар мен әскери міндеттілерді кезекке қою» мемлекеттік қызметін пайдалану қажет.
«Әскери-техникалық мектептерде азаматтар әскери, материалдық-техникалық қамтамасыз ету бағыттары бойынша сұранысқа ие мамандықтарды меңгереді. Олардың қатарында логистика мамандары, автокөлік және сауытты техниканы жөндеу шеберлері, автоэлектриктер, аккумуляторшылар, газ және электр дәнекерлеушілер, аспаздар мен наубайшылар бар. Сонымен қатар Қарулы күштердің қажеттілігі үшін пилоттық режимде ұшқышсыз авиациялық жүйелер операторларын даярлау бағдарламасы жүзеге асырылып жатыр», – деп хабарлады Қорғаныс министрлігі.
Ведомствоның мәліметінше, 2026 жылы бір мамандық бойынша оқыту құны 545 мың теңгені құрайды. Оқу мерзімі таңдалған мамандыққа байланысты орта есеппен 40-46 күн аралығында.
Оқу кезеңінде тыңдаушылар әскери киіммен, жатын орынмен және күніне үш мезгіл тамақпен қамтамасыз етіледі. Сонымен бірге олардың жұмыс орны мен атқарып отырған лауазымы сақталады.
Оқуды аяқтаған түлектер әскери ант қабылдап, сертификат пен әскери билет алады. Сондай-ақ оларға «қатардағы жауынгер» әскери атағы беріледі.
Әскери-техникалық мектептерде білім алған азаматтар әскери даярланған резерв құрамына енгізіліп, мерзімді әскери қызметке шақырылмайды.
Айта кетейік, бұған дейін Қарулы күштерде жаңа трансформация орталығы іске қосылды.