Мерзімінен бұрын шыққысы келген педофил Конституциялық сотқа жүгінді

АСТАНА. KAZINFORM — Конституциялық сот кәмелетке толмағандарға қарсы жыныстық қылмыс үшін шартты түрде мерзімінен бұрын босатуды қолданбау нормаcын Конституцияға сәйкес деп таныды.  

сот
Фото: Pexels

Конституциялық сотқа жазасын өтеп жатқан азамат жүгінген. 

Ол кәмелетке толмағандардың жыныстық тиіспеушілігіне қарсы қылмыс жасағаны үшін сотталғандарды шартты түрде мерзімінен бұрын босатуға тыйым салуға байланысты Қылмыстық кодекстің 72-бабы сегізінші бөлігінің 4-тармағының Конституцияға сәйкестігін тексеруді өтінген.

Осыған байланысты аталған орган өтінішті қарап, қорытынды шешім шығарды.

Шағымданған адам 2014 жылғы 3 шілдеде Қылмыстық кодекстің 124-бабының үшінші бөлігімен көзделген қылмыс жасағаны үшін кінәлі деп танылған (көрінеу жас балаға қатысты азғындық әрекеттер жасау). 

Оның шартты түрде мерзімінен бұрын босату туралы өтінішін сот жоғарыда аталған шектеулерге сілтеме жасай отырып қабылдамаған.

Оның пікірінше, қолданыстағы шектеу Конституцияның 14-бабына қайшы келеді (кемсітушілікке жол бермеу), өйткені ол Қылмыстық кодекстің 72-бабына өзгерістер қолданысқа енгізілгенге дейін жасалған осындай іс-әрекеті үшін жазасын өтеп жатқан басқа сотталғандармен тең емес. 

1997 жылғы Қылмыстық кодекс (күші жойылған редакцияда) негізінде сотталғандарға қатысты шартты түрде мерзімінен бұрын босату құқығы сақталған.

Конституциялық сот шағымданушы көрсеткен сотталғандардың осы санатының шартты түрде мерзімінен бұрын босату құқығын сақтауы заңның кері күшінің конституциялық ережесі Конституцияның 77-бабы 3-тармағының 5-тармақшасы және кодекстің 6-бабының үшінші бөлігі  негізінде қалғанын атап өтті.

Жауапкершілікті күшейтетін, азаматтарға жаңа міндеттер жүктейтін немесе олардың жағдайын нашарлататын заңдардың кері күші болмайды.

Конституциялық сот өтініш иесінің 2016 жылғы қазан айында, яғни кәмелетке толмағандардың жыныстық тиіспеушілігіне қарсы қылмыс үшін сотталғандарға шартты түрде мерзімінен бұрын босатуды қолдануға шектеу енгізілгеннен кейін сотталғанына назар аударды.

Тексеру қорытындысы бойынша Конституциялық сот кодекстің 72-бабы 8-бөлігінің 4) тармағы қолданысқа енгізілгеннен кейін сотталғандарға қатысты кемсітушілік жоқ екенін атап өтті.

Нормативтік қаулының толық мәтінімен мына сілтемеде танысуға болады.