Мешітке доңыздың өлексесін тастап кеткен

Хьюстон мұсылмандарының белсендісі Ілияс Құдридің айтуынша, парша-паршасы шыққан доңыздың өлексесін Ислам оқу-ағарту орталығының жамағаты тауып алған. Мұсылман диаспорасының жетекшісі мұны Исламға деген жеккөрініш ниетінен туған әрекет дейді. «Мұндай сұмдықты ешкім күтпеген еді», - дейді ол.
Мұны істесе, мұсылмандар үшін доңыз етінің харам екенін білетін Исламға қаны қас адамдар істейді деп есептейді мұсылмандар диаспорасы.
«Бұдан Исламды жек көретін адамдардың қолтаңбасын байқауға болады. Әдетте мұндай сорақы әрекеттерге осындай себептермен барады», - деді Америка-ислам қатынасына жауапты кеңестің өкілі Мұстафа Кэррол.
Ислам оқу-ағарту орталығының өкілдері Хьюстонда мұндай жағдайдың бұған дейін ешқашан болмағанын айтады.
Жергілікті тәртіп сақшылары осы оқиғаға қатысты тергеу-тексеру амалдарын бастады, деп хабарлайды muslim.kz.