«Мешітке кісі атын беру дұрыс па?» - республикалық басылымдарға шолу
***
«Егемен Қазақстан» басылымының бүгінгі санындағы «Лайықты болашаққа сенімді болайық» тақырыбындағы мақала кеше өткен Парламенттің үшінші сессиясы турасында жазды. «Мемлекет басшысы сөйлеген сөзінде Парламент атқарған жұмыстарға баға бере келіп, алда тұрған міндеттерді атап көрсетті», - дейді басылым.
«Елімізде азаматтық қоғамды демократияландыру жан - жақты жүріп жатса, осынау үлкен шараның басты жетістігі - еліміздің ЕҚЫҰ-ға төрағалығы болса керек». «ЕҚЫҰ: кешегі және бүгінгі қызметі» деген тақырыппен берілген келесі мақала аты айтып тұрғандай, ұйымның құрлымдары және олардың міндеттері туралы баяндайды.
Сондай-ақ алыстағы ауылда туып, алып елге танылған, дәуір жүгін арқалап, ғылым мен әдебиеттің тұлғасына айналған Шериаздан Елеукенов турасында осы нөмірдегі «Қыры мол ірі тұлға» деген тақырыппен берілген мақаладан оқуға болады.
***
«Арыстағы жарылыс салғырт-салақтықтан болған». Осы тақырыппен «Жас Алаш» газетінің кешегі саны осыдан 5 ай бұрын Арыс қаласындағы әскери қоймада 5 бірдей адамның өмірін қиған жойқын жарылыс себептерінің сотта анықталғанын жазды.
«БТА банкі» төңірегіндегі дау - дамайдың толастайтын түрі жоқ. БТА-ның баспасөз қызметі Англияның жоғарғы соты банктің бұрынғы басшылары Мұхтар Әблязов, Роман Солодченко мен Жақсылық Жәрімбетовтерге тиесілі барлық активтер күшін тоқтатты деген ақпарат таратты», - деп жазған аталмыш басылымдағы келесі мақала «Қызықтың көкесі қыркүйекте басталмақ» деген тақырыппен «БТА банкі» төңірегіндегі дау - дамайға назар аударды.
***
«Президент сабағы». Осы тақырыппен «Айқын» басылымының бүгінгі саны кеше Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың білім күніне орай Астанадағы жалпы білім беру мектептері мен лицейлерінің оқушыларымен дәстүрлі кездесу өткізгенін жазды.
Аталмыш басылымның күнделікті «Ақ сөйле!» айдары «Ел боламыз десек, есе түгендейік, еңсе тіктейік» деген тақырыппен «Әйтеке би» қоғамдық қорының президенті Жұмабек Мұқановпен болған сұхбатын жариялап, ұлтымыздың ұлылары жайлы ой қозғаған.
***
«Биылғы ораза айының алғашқы күндерінде еліміздің көптеген аймақтарында жаңа мешіттер бой көтерді. Оңтүстік Қазақстан облысында үш мешіт салынса, Шығыс Қазақстанда бір, Павлодарда екі, ал Атырау облысында төрт бірдей Алла үйі салынды. Құдайға шүкір, қазір мешіт салуға ынталы қалталы кәсіпкерлер көбейді. Әрине, құптарлық та, қолдауға лайық та жәйт. Дегенмен олардың арасында мешіт салуды о дүниелік сауап үшін емес, осы дүниедегі атақ-даңқы мен мәртебесі үшін ғана қолға алып жатса ше? Онда не дер едіңіз? Ал оның ішінде бой көтерген мешіттер кісі мойнынан желінген арам ақшалар ма, әлде таза еңбекпен келген адал ақша ма - ол жағын тексеріп отырған тағы да ешкім жоқ», - деп жазған «Алаш айнасы» газетінің бүгінгі санындағы «Мешітке кісі атын беру дұрыс па?» атты мақала ортаға салмақты ой тастайды.
Сондай-ақ аталмыш басылымның экономика бетіндегі «Тәп-тәуір бағаны еселенген үстеме бүлдіріп отыр» тақырыбындағы мақалада шеттен келген құны оңтайлы қолжетімді тауардың саудаға бірнеше еселенген бағасымен түсетіні жайлы жазылған. «Саудагерлерге әй дейтін әже қой дейтін қожаның жоқтығынан базардағы баға білгенін істеп тұр», - дейді басылым.
***
Елбасының қатысуымен өткен Парламент палаталарының бірлескен отырысында Мемлекет басшысы қойған міндет-мақсаттарды орыстілді республикалық басылымдар да кеңінен жазды. Білім күні де газеттердің назарынан тыс қалған жоқ.
«Казахстанская правда»газеті Астананың жалпы білім беретін мектептері мен лицейлерінің 70-ке тарта үздік оқушылары Тұңғыш Президент мұражайында Елбасымен кездесіп, «Менің Қазақстаным - менің болашағым» тақырыбында дәріс алғанын, Мемлекет Басшысы елдің білім беру жүйесі туралы әңгімелеп, өзінің оқушы кезінен қызықты естеліктер айтқанын жазды.
Бұл тақырыпты өз нөмірлерінде «Известия», «Литер», «Экспресс К»газеттері де жалғастырған.
«Қазақстанда дзюдодан жаңа әлем чемпионы пайда болды», - деп жазады сүйінші сұраған «Литер»басылымы. Спорттағы осы жеңіске «Время» газеті де назар аударып, қазақстандық Максим Раковтың Роттердамда өткен әлем чемпионатының ақтық күресінде 2008 жылғы Олимпиаданың қола жүлдегері Хенк Гролды ұтқанын жазады.