«Мешіттерде орысша уағыз жүргізетін имамдарды ұстау керек пе?» - республикалық басылымдарға шолу
АСТАНА. 25 желтоқсан. ҚазАқпарат - Қазақ ақпарат агенттігі республикалық басылымдарда 25 желтоқсан, жұма күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.
***
Кеше «Думан» ойын-сауық орталығында Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың атынан жетім балаларға арналған «Жаңажылдық достар мейрамы: менің Қазақстаным, менің болашағым» атты жаңажылдық қойылым өтті. осыған орай «Егемен Қазақстан» газетінде «Балалар Президент шыршасын тойлады» деген мақала басылды. Басылымның атап өтуінше, бұл мерекенің ең басты қуанышы - Елбасының бейнежолдау арқылы балаларды келе жатқан Жаңа жыл мерекесімен құттықтауы болды. Арнайы жазылған бейнетаспа арқылы ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаев шыршаға жиналған балаларды келе жатқан Жаңа жыл мерекесімен құттықтап, оларға зор денсаулық, жаңа жетістіктер мен барлық армандарының орындалуын, барынша жақсы оқып, сапалы білім алып, алға қойған мақсаттарына жете берулерін тіледі. Сонымен қатар, Елбасы: «Сендер азат, жасампаз елде гүлдей жайнап, балалықтың базарлы шағын бастан кешкен бақытты ұрпақсыңдар. Мемлекет сендердің терең білім алып, бақытты болып, алаңсыз өсулерің үшін барлық жағдайды жасауда. Асыл армандарыңды шындыққа айналдыру үшін дарынды балаларға арналған мектептер ашылды. Данышпан бабамыз Абай аталарың: «Тегінде, адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген қасиеттерімен озады» деп айтқанындай, сендер барынша жақсы оқып, сапалы білім алып, туған Отанымызды шын сүйетін үлгілі істеріңмен еліміздің дамуына үлес қосатын үлкен азамат болыңдар! Талапты да талантты, батыл да алғыр, зерек те зерделі болып өсіңдер!», - деді өзінің құттықтауында.
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың атына еліміздің жұртшылығынан, соғыс және еңбек ардагерлерінен, еңбек ұжымдарынан, студенттерден, жоғары оқу орындарының ұжымдарынан, Қазақстанның қоғамдық ұйымдарынан Астанада ЕҚЫҰ Саммитін табысты өткізуге байланысты құттықтаулар келуін жалғастыруда. Солардың бір парасы «Егемен Қазақстан» газетінің сенбілік нөмірінде «Ұлттық құндылық ретінде ұлықтала бермек» деген тақырып аясына топтастырылып берілген. Мәселен, Павлодар мемлекеттік университетінің профессор-оқытушы құрамы мен студенттері жолдаған хатта ЕҚЫҰ Саммиті қазақстандық тарих үшін теңдессіз оқиға болғаны атап көрсетіліп, ол Қазақстанды дамудың сапалық жаңа деңгейіне шығарғаны айтылған. Ал Шымкент қаласының тұрғыны В.Андрюков өз хатында Мемлекет басшысын егемен Қазақстан дамуының тағы бір атақты кезеңінің аяқталуымен - ЕҚЫҰ Саммитінің өтуімен шын жүректен құттықтаған. «Қазақстан халқы бүкіл әлемге бұл мемлекеттің қуатты екенін дәлелдеді. Құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы, Сіздің Тәуелсіз Қазақстанның мүддесі тұрғысынан бір шаңырақтың астына әлемнің көптеген елдерінің басшыларын жинаған және оларды жан-жақты үнқатысуға тартқан жеке өзіңіздің ерлігіңізді мақтан етемін. Сіз - Ұлттың көшбасшысы ғана емессіз, Сіз - Халық батырысыз!» - деп жазады В.Андрюков.
***
Православ шіркеулері қазақша үйреніп жатқанда қазақстандық мешіттер де орыстілді қауымның қамын ойлап, дін үйренуде олардың мүмкіндігі шектеулі болып жатқанын сөз етуде. Осыған орай «Алаш айнасы» газетінің бүгінгі нөмірінің «Ой-көкпар» айдарында «Мешіттерде орысша уағыз жүргізетін имамдарды ұстау керек пе?» деген сауал мамандар таразысына салынып отыр. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының сараптама және талдау бөлімінің меңгерушісі Ершат Оңғаров: «Діннің асыл мақсатын орыс тілінде жеткізгеніміз дұрыс болады. Себебі өзіміз өмір сүріп жатқан нақты қоғаммен санасу керек. Бізде қазір мектептер орысша, балабақшалар орысша оқытады. Өзге ұлт өкілдерін былай қойғанда, тіпті өзіміздің қазақтардың да көбі орыстілді. Балабақша кезінен орысша тәрбие алған адамдарына дінді қазақтың әдеби тілінде ұғынуы қиынға түсетіні анық. Сондықтан өзге ұлт өкілдері түгіл, өзіміздің қазақтарға діннің кейбір тұстарын орысша баяндасақ, олар әлдеқайда оңай ұғынып жатады», - деген ойын алға тартқан. Ал орыс тілді имамдарды дайындау қажет емес деген пікірін білдірген «Ұлт дабылы» қоғамдық қозғалысының жетекшісі Кенесары Қаптағаев: «Қазір біздің мешіттер де орыстандырылып жатыр. Меніңше, бұл жақсылықтың нышаны емес. Құдайға шынайы бет бұрғысы келген адам оған барудың жолын табады. Оған тап қазақ тілі кедергі бола қояды деген пікірмен өз басым келісе алмаймын», - дейді.
Әрбір жер-су атауында өзіндік сыр бар. Қазақ оны белгілі дүниелерге орайлас қояды. Астарына үңілсеңіз, көптеген деректі кезіктіре алатының ақиқат. Олар жалпы жұртты еріксіз өзіне қызықтыра түседі. Ұлан-байтақ даламызда мұндай қастерлі орындар көп. Қашаннан да қазақылық қалпын сақтап келе жатқан Сыр бойында осындай жер-су атаулары жетерлік. Олардың кейбірінің атауы жайлы бірнеше болжам жасауға болады. Өйткені сол атаудың өзінен халқымыздың бай тілінің қоры мол екенін аңғару қиынға соға қоймас. Қызылорда облысында Қазалы атты жер бар. Кішкене ғана елді мекен емес. Ауданның атын иеленіп отыр. Облыстың солтүстік бөлігінде қоныс тепкен. Осы Қазалы атауының қайдан шыққанын білгіңіз келсе, «Алаш айнасы» газетінің сенбілік санын назарыңыздан жіберіп алмаңыз.
***
«Оңтүстік Қазақстан облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің басшысы, полковник Уәлихан Ережеповті сәрсенбі күні өзі тұратын көп қабатты үйдің кіреберісінде белгісіз біреулер соққыға жығып кетті. Әртүрлі дәрежеде жарақат алған облыстың бас құтқарушысы жедел жағдайда ауруханаға жеткізілді», деп жазады «Айқын» газеті «Полковникті сабап кетті» деген мақаласында. Басылымның баяндауынша, кештетіп жұмыстан қайтқан полковник Уәлихан Ережепов үйдің жоғарғы қабатына көтеріле бергенде дәліздегі жарықтың өшіп қалғанын байқайды. Оны жоғарғы қабаттан жүгіріп түскен бірнеше адам күтпеген жерден соққының астына алған. Дегенмен полковниктің өздеріне оңайлықпен әл бермесін түсінген «қарақшылар» біраз «алысқаннан» кейін оқиға орнынан тайып тұрған. Бірақ үш қарақшының біреуі Уәлихан Ережеповті оң қолынан қатты ұрған. Қатты соққы салдарынан полковниктің бір саусағы сынып, жергілікті дәрігерлер оны кесіп тастауға мәжбүр болды. Дегенмен, облыстың бас құтқарушысы күтпеген жерден өзіне жасалған қарақшылық шабуылды қызметімен байланыстырып отыр.
«Айқын» газетінің жазуынша, Алматының «Бағанашыл» ауданындағы «Наурыз» тұрғын үй кешенін салып жатқан құрылысшылар екі айдан бері маңдай тер, табан ақыларын ала алмай жүр. "Редакциямызға келіп түскен хаттың иелері «Баз Эстейт» ЖШС-нің басшылығы жалдамалы жұмыскерлерге жалақысын бермей, құрылысшылар Жаңа жыл мерекесі қарсаңында үйлеріне қайта алмай отыр деп шағымданған. Алыс ауылдан нәпақа іздеп келіп, жалақысына қол жеткізе алмай жүргендердің жалпы саны - 80 адам. Олардың көпшілігі құрылыс басында түнеп, адамның тіршілігіне ешбір жағдай жасалмаған вагондарда тұруға мәжбүр",- деп жазады басылым. Бұл жайында толығырақ білгіңіз келсе газеттің сенбілік нөміріне назар аударыңыз.
***
«Кеше Қазақстан Парламенті Мәжілісінің Төрағасы Орал Мұхамеджанов Пәкістанның Қазақстан Республикасындағы Төтенше және өкілетті елшісі Мохаммад Ахтар Туфаильды қабылдады», деп жазады «Казахстанская правда» газеті. Басылымның атап өтуінше, халықаралық ынтымақтастық жайлы сөз қозғалғанда, елші М.Туфаиль әлемдік қоғамдастықтың қолдауымен ЕҚЫҰ Саммитін жоғары деңгейде өткізген Қазақстанның жалғастырушы көпір болуының арқасында Шығыс пен Батыстың арасында үнқатысу қамтамасыз етілгенін атап өтті. сондай-ақ әңгіме барысында Ауғанстанға жасалып жатқан гуманитарлық көмек жөнінде де айтылды. Қазақстан әлем назарын ауған еліне аудара білді және өзі де қолдау көрсетті. Қазақстанның қолдауымен бір мың Ауғанстан азаматы еліміздің жоғары оқу орындарында білім алатыны көзделген. Бүгінгі таңда соның алғашқы легі - 155 студент келгені белгілі болып отыр.