Мешіттің жанындағы қосалқы ғимарат тарихи-мәдени мұраға жатпайды – әкімдік

ШЫМКЕНТ. KAZINFORM – Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков «Шыңғысбай қажы» мешітіне арнайы барып, кешеннің қазіргі жағдайымен танысты.

Шымкент
Фото: Шымкент қаласының әкімдігі

Қала әкімі Ғабит Сыздықбеков құрылыс жұмыстарын тездетіп, әрі сапалы етіп екі айдың ішінде аяқтауды тапсырды. Қазір мешіт ғимараты зақымдалмаған, жамағатқа тәулік бойы қызмет көрсетуде. Яғни, әрбір адамның бес уақыт намаз оқып, құлшылық жасауына толық мүмкіндік бар.

Мешіт
Фото: Шымкент қаласының әкімдігі

«Мешіттің жанындағы қосалқы салынған ғимарат тарихи-мәдени мұраға жатпайды. Медресе 1998 жылға дейін шәкірт оқытты. Апаттық жағжайда болғанына байланысты қазіргі уақытқа дейін бос тұрды. Тиісті зерделеу жұмыстарын жүргізген «Tech-Inspection» ЖШС-нің сараптамалық қорытындысына сәйкес, аталған қосалқы ғимарат апатты жағдайда деп танылды. Сондықтан қосымша нысан бұзылып, жоспарға сай орнына жаңа оқу ғимараты салынады» - делінген Шымкент қаласы әкімдігі таратқан ақпаратта.

Шыңғысбай қажы Дәуітұлының шөбересі болып келетін Сейдахан Мамытов «мешіт бұзылып жатыр» деген хабарды естісімен-ақ Төлеби ауданынан арнайы келіпті. 

Шымкент
Фото: Шымкент қаласының әкімдігі

«Дұрыс түсініңіздер, мешіт орнында тұр. Қосалқы ғимраттың ағаштары құлап жарамай қалған болатын. Сол жерлер заман талабына сай ретке келтіріліп, қайтадан оқу ғимараты салынатын болады» - деді ол.

Айта кетейік, бүгін Шымкенттегі 135 жылдық тарихы бар мешіттің бұзылып жатқаны жайында әлеуметтік желіде видео тараған болатын. 

Шымкент
Фото: Шымкент қаласының әкімдігі