11:22, 07 Шілде 2016 | GMT +5
Мессидің адвокаттары салықтан жалтарды деп шығарылған үкімге шағым түсіретіндерін мәлімдеді
АСТАНА. ҚазАқпарат - Лионель Месси адвокаттары «Барселона» шабуылшысын салықтан жалтарды деп айыптап, 21 ай түрмеге жабу туралы испаниялық сот үкіміне шағым түсіретіндерін мәлімдеді, деп хабарлайды Би-би-си.
Сәрсенбі күні сот футболшыны 21 айға бас бостандығынан айыру туралы үкім шығарды. Мессидің әкесіне де осындай үкім кесілген. Одан бөлек, футболшы 2 миллион еуро (2,2 миллион доллар), ал оның әкесі 1,5 миллион еуро көлемінде айыппұл төлеуі тиіс.
Отырыс барысында сот футболшының Danone, Adidas, Pepsi-Cola және басқа да компаниялармен жасасқан жарнамалық келісімшарттарын қарап шықты.
Прокуратураның айтуынша, футболшы мен оның әкесі 4,1 млн. еуро көлеміндегі қаражатқа салық төлемеген. Салық төлемеу үшін олар офшор схемасын пайдаланған.