Меta 3 600 жұмыс орнын қысқартады

АСТАНА. KAZINFORM – Facebook, Instagram және WhatsApp-қа иелік ететін Meta компаниядағы жұмыс күшінің шамамен 5%-ын қысқартуды жоспарлап отыр, деп хабарлайды Kazinform ВВС-ге сілтеме жасап. 

Марк Цукерберг
Фото: Zuma / TASS

Қызметтік хатта компанияның басшысы Марк Цукерберг өнімділік көрсеткіштеріне негізделген тұрақты қысқартуды жеделдету туралы шешім қабылдағанын хабарлады. 

Әлем бойынша 72 мыңға жуық адам жұмыс істейтін компания жұмыстан қысқарту қалай өтетінін нақтылаған жоқ.

Цукербергтің жазбасына сәйкес, бұл туралы алдымен АҚШ-тағы қызметкрелерге 10 ақпан күні хабарланады. Одан кейін басқа елдегі қызметкерлерге де хабар жетпек. 

- Биылғы жыл ауыр болмақ және мен командамызда ең жақсы адамдар бар екеніне көз жеткізгім келеді. Осы орайда өнімділікті басқару стандарттарын жоғарылатуды және тиімсіз қызметкерлерден тезірек құтылуды жөн деп шештім, - деп жазды ол. 

Мұндай қадам Америкада кеңінен қолданылады. Meta-да олар әдетте жыл бойы болып тұрады. Бірақ биыл бұл процесс тез жүреді. Шамамен 3 600 адам жұмыстан кетуі мүмкін.

Цукербергтің айтуынша, жұмыстан кеткендер «өтемақы» алады. 

Meta-да бұған дейін үлкен қысқарту 2023 жылы болған. Сол кезде компания шығындарды азайту стратегиясының бөлігі ретінде шамамен 10 мың жұмыс орнын қысқартты. 2022 жылы 11 мыңға жуық адам жұмыстан шығарылды. 

Еске сала кетсек, Meta корпорациясы Facebook, Instagram және Threads желілеріндегі дезинформацияны әшкерелеу үшін қазақстандық Factcheck.kz сайтын вирусты дезинформация мен жалған ақпаратты анықтайтын бағдарламасына қосты. 

Соңғы жаңалықтар