Meta ақылы жазылушыларынан жарнаманы алып тастайды
Meta компаниясы қараша айынан бастап әлеуметтік желілеріндегі жарнаманы өшіру үшін жазылуды ұсынады. Мұндай қызмет ЕО Деректерді қорғау туралы ортақ ережесіне сай енгізіліп отыр. Kazinform бұл туралы Euronews агенттігіне сілтеме жасап хабарлайды.
Facebook пен Instagram желісіне иелік ететін Meta компаниясы еуропалық қолданушыларына ақылы түрде жазылып, жарнаманы өшіру қызметін ұсынады.
Қызмет қарашадан бастап Еуроодақ, Еуропа экономикалық аймағы және Швейцарияда тұратын әлеуметтік желі пайдаланушылары үшін қолжетімді болмақ.
«Қарашадан бастап біз Facebook пен Instagram пайдаланатын және осы аймақтарда тұратын адамдарға өнімдерімізді ары қарай да тегін, жарнамамен қолдануды немесе жарнаманы көрмеу үшін жазылуды ұсынамыз. Желі қолданушылары жазылатын болса – деректері жарнама үшін пайдаланылмайды», - делінген компания сайтындағы хабарламада.
Жазылу бағасы Facebook пен Instagram-ның веб-нұсқасы үшін – 9,99 еуро, ал мобильдік құрылғылар үшін – 12,99 еуро.
Компания шешіміне еуропалық заңнамаға енген өзгеріс себеп болды. Жаңа ереже бойынша ЕО тұрғындарында әлеуметтік желілерді жарнамасыз пайдалану мүмкіндігі болу қажет.