Meta балалардың қауіпсіздігіне қатысты талаптарды реттеу үшін $17 млрд төлеуге келісті
АСТАНА. KAZINFORM — Meta компаниясы Facebook және Instagram платформаларындағы балалардың қауіпсіздігін күшейту және жасөспірімдердің әлеуметтік желілерге тәуелділігіне қатысты сот дауын реттеу үшін 17 млрд доллар төлеуге келісті. Бұл туралы АҚШ-тың 47 штатының бас прокурорлары мәлімдеді, деп хабарлайды Euronews.
Калифорния, Колорадо, Кентукки және Нью-Джерси сияқты 29 штат 2023 жылы технологиялық компанияға қарсы сотқа талап арыз берген. Қазіргі келісімдер істің жоспарланған мерзімінен бұрын аяқталуына мүмкіндік берді.
Балалар қауіпсіздігін қорғаушылар федералды сотта Meta бас директоры Марк Цукербергтің куәгер ретінде жауап бергенін күтті.
Вирджиния штаты бойынша келісім сомасы 353 млн доллар. Штаттың бас прокуроры Джей Джонс бұл АҚШ штаттары деңгейіндегі тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласындағы ең ірі келісімдердің бірі екенін атап өтті.
Оның айтуынша, келісім «қауіпті тәжірибелерге нүкте қойып, балаларды интернеттегі қауіптен нақты қорғауды қамтамасыз етеді».
Талап арызда Meta компаниясы балалардың платформаларына тәуелділігін күшейтетін функцияларды әдейі енгізу және олардың ықтимал зияны туралы қоғамға ақпаратты жасырды деп айыпталған. Сондай-ақ компания 13 жасқа толмаған балалардың ата-аналарының келісімінсіз олардың деректерін жүйелі түрде жинау арқылы федералдық заңды бұзды деген айып тағылған.
Сот процесі өткен аптада Калифорния штатының Окленд қаласында АҚШ аудандық сотының судьясы Ивонна Гонсалес Роджерстің төрағалығымен басталған.
Ұсынылған келісім аясында Meta балалардың қауіпсіздігін арттыруға бағытталған бірқатар шараны енгізуге келісті. Олардың қатарында Instagram мен Facebook қолданатын балалар үшін күнделікті экран уақытын қатаң шектеу және міндетті үзілістер енгізу бар.
Компания жұмыс күндері сабақ уақытында push-хабарламаларды өшіреді. Сонымен қатар жасты тексерудің сенімді тетіктері енгізіліп, жас ерекшелігіне сай контент баптаулары күшейтіледі. Бұл балаларды кибербуллингтен қорғауға және тамақтану тәртібінің бұзылуы мен өзіне зиян келтіруге байланысты қауіпті материалдарға қолжетімділікті шектеуге бағытталған.
Бұдан бөлек, ата-аналарға арналған бақылау құралдары жетілдіріліп, әлеуметтік салыстыруды күшейтетін функцияларға, соның ішінде жарияланымдардағы лайк санын көрсетуге қатысты шектеулер енгізіледі.
Бұған дейін Meta-ға 1,4 триллион доллар айыппұл салынуы мүмкіндігі туралы жазған едік.