Meta Дональд Трамптың инаугурация қорына 1 млн доллар жіберді

АСТАНА. KAZINFORM — Facebook және Instagram әлеуметтік желілеріне иелік ететін Meta Corporation АҚШ-тың жаңадан сайланған президенті Дональд Трамптың инаугурация қорына 1 миллион доллар жіберді. Бұл туралы Анадолы жазды.

Трамп
Фото: Wikimedia

Wall Street Journal (WSJ) Марк Цукерберг қорға 1 миллион доллар аударғанын хабарлаған. Бұл қаражат АҚШ-тың 47-ші президентін ұлықтау рәсіміне жұмсалатын шығындарды өтеуге бағытталады. Компания бұндай қайырымдылықтың себептері туралы еш мәлімет бермеген.

Цукерберг осы қадамы арқылы Трамппен қарым-қатынасты жақсартуға тырысуда.

Трамп өзінің «Американы құтқару» кітабында Цукербергті 2020 жылғы сайлауда өзіне «қарсы іс-әрекеттерге барды» деп айыптап, егер 2024 жылғы сайлауға да араласса, өмір бойына түрмеге қамалады деп ескерткен.

Компания бұған дейін 2017 жылы Трампты да, 2021 жылы Джо Байденді де ұлықтау қорына ешқандай үлес қоспаған. Басылым Цукерберг бұл жолы ерекше қадамға барды деп топшылады. 

Сонымен қатар, осы жылдың қараша айында Цукерберг Флоридадағы Мар-а-Лаго резиденциясында Трамппен кездесіп, Ray-Ban смарт көзілдіріктерін таныстырған және біреуін сыйға тартқан.

Айта кетейік, осыған дейін Марк Цукерберг әлеуметтік желілердің құрбаны болған жасөспірімдердің ата-аналарынан кешірім сұрағаны хабарланды.

Соңғы жаңалықтар