Meta Цукербергтің қауіпсіздігіне 14 миллион доллар жұмсаған

АСТАНА. KAZINFORM – 2024 жылы Meta Platforms компаниясының негізін қалаушысы және бас директоры Марк Цукербергтің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін компания тарапынан 14 миллион доллар жұмсалған, деп жазды uza.

Meta Цукербергтің қауіпсіздігіне 14 миллион доллар жұмсаған
Фото: uza

АҚШ-тың Бағалы қағаздар және биржа жөніндегі комиссиясының хабарлауынша, Цукербергтің жеке ұшағымен ұшуларына 2,6 миллион доллар төленген. Жалпы сыйақы төлемдері 2024 жылы 2,8 миллион долларға артып, 27,2 миллион долларға жеткен.

Осылайша, ол компаниядағы кез келген басқа топ-менеджерден көп табыс тапқан.

Айта кету керек, 2012 жылдан бері Цукербергтің жылдық жалақысы небәрі 1 долларды құрайды және ол бонус немесе акциялар алмайды. Бұған қоса, Цукерберг пен оның жары Присцилла Чан бұрын өз қаражаттарының 99 пайызын қайырымдылыққа жұмсауға уәде еткен.

Meta 2024 жылы алғаш рет дивиденд төлей бастады. Төртінші тоқсан қорытындысы бойынша әр акция үшін 0,52 доллар төленді. Цукерберг Meta компаниясының шамамен 13 пайыз акциясына ие және жылына салықтарды қоса есептегенде 700 миллион долларға жуық дивиденд алады.

2025 жылдың басынан бері Meta компаниясының нарықтық құны 14,3 пайызға азайып, 1,27 триллион долларға түсті.

Еске сала кетейік, Марк Цукерберг бұған дейін Ақ үй Meta-ға қысым жасағанын айтқан болатын.

Соңғы жаңалықтар