Метал бағасының түсуі бюджет кірісін кемітті – Қаржы министрі
АСТАНА. KAZINFORM – Қаржы министрі Мәди Тәкиев Үкімет отырысында қаңтар-ақпан айларында республикалық бюджеттің кіріс жоспары толық орындалмай қалғанын мәлім етті.

«Республикалық бюджетке 1 трлн 902 млрд теңге кіріс түсті немесе жоспар 83%-ға орындалды. Кіріс жоспары 396 млрд теңгеге орындалмады. Бұл импортқа қосылған құн салығы, корпоративтік табыс салығы және шикі мұнайға экспорттық кеден бажы. Басты себептердің бірі - негізгі экспорттық тауарларға әлемдік бағаның төмендеу үрдісі. Мәселен, ағымдағы жылғы қаңтар-ақпанда металдардың бағасы орта есеппен 9,1% төмендеген. Сондай-ақ, «Теңізшевройл» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің мұнайдың экспорт көлемін 2022 жылғы желтоқсаннан 2023 жылғы қаңтарға ауыстыруына байланысты экспорттық кеден бажының салығы салынатын шикі мұнай экспорты көлемінің 1 млн тоннаға азайғаны байқалады», - деді министр.
Сондай-ақ, ол жоспардың орындалмауына 2023 жылғы қосылған құн салығының 594 млрд теңгенің 252 млрд теңгесі әлі бюджетке түспегені әсер еткенін еске салды.