Металл ұрлаушылар құрықталды
АСТАНА. Маусымның 11-і. ҚазАқпарат /Гүлмира Әлиакпарова/ - ҚР ІІМ Көліктегі Орталық Ішкі істер департаменті (КОІІД) «Арселор Митал Стил» компаниясына тиесілі жүк вагондардан қалың болат қақтамаларының ірі көлемін ұрлаған ұйымдасқан қылмыстық топты құрықтады.
Бұл туралы бүгін өткен баспасөз мәслихатында КОІІД Мүліктік қылмыстарды ашу бөлімшесінің бастығы Дәулет Мақсұтов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Д. Мақсұтов атап көрсеткендей, үстіміздегі жылғы наурыздың 2-сі күні КОІІД Қарағанды-Сұрыптау стансасындағы Желілік ішкі істер бөлімінің тергеу бөлімі «Арселор Митал Стил» компаниясы «Жаңа ауыл» стансасынан Алматыға жөнелткен 3 вагоннан жалпы сомасы 10 миллион 282 мың теңгені құрайтын 80 тоннаға жуық металл жүгінің жетіспеу фактісі бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 175 бабы, 3-бөлігіне сәйкес қылмыстық іс қозғаған. Факті бойынша құрылған жедел тергеу тобы, аталған қылмысты 2008 жылғы желтоқсанның 18-інен 19-ына қараған түні алдын-ала сөз байласу арқылы бірқатар кіші стансалардың кезекшілері мен тепловоздардың жүргізушілері жасағанын анықтады. Тергеу жұмыстары барысында сондай-ақ, олар «Теміртау-Павлодар» бағытындағы вагоннан да жалпы сомасы 3 миллион 610 мың теңге болатын болат қақтамасының 43 тоннасын ұрлағаны анықталды. Келтірілген шығынның жалпы көлемі 13 миллион 892 мың теңгені құрап отыр. Бүгінде аталмыш қылмыстық іске қатысы бар 5 күдіктінің екеуі Қарағанды облысындағы уақытша ұстау абақтысына қамалды. Осы маусым айының соңында іс сотқа жіберілетін болады.