Металлургия, химия, жеңіл өнеркәсіп бағытында Ұлытаудың әлеуеті зор – Премьер-Министр

АСТАНА. ҚазАқпарат – ҚР Үкіметі Ұлытау облысының әлеуметтік-экономикалық дамуының кешенді жоспарын мақұлдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Металлургия, химия, жеңіл өнеркәсіп бағытында Ұлытаудың әлеуеті зор – Премьер-Министр

«Металлургия, химия, жеңіл өнеркәсіп және машина жасау саласын дамыту бағытында Ұлытаудың әлеуеті өте зор. Қазақстандағы ең ірі мыс өндіретін кәсіпорын Ұлытау жерінде орналасқан. Өңір тұрғындарының үштен бірі осы өндірісте жұмыс істейді.

Кешенді жоспарды орындау жаңа облыстың дамуына айтарлықтай серпін береді және өңір халқының әл-ауқатын арттыруға жағдай жасайды», - деді ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов Үкіметтің бүгінгі отырысында.

Сонымен қатар, тұрғын үй және көлік инфрақұрылымын, әлеуметтік саланы дамыту бойынша жобалар іске асырылып, экологиялық проблемалар шешіледі. Металлургия өнеркәсібі мен ауыл шаруашылығын қарқынды дамытуға ерекше назар аударылады.

Жеке инвестициялар есебінен орташа қуатты мұнай өңдеу зауыты, биоэлектр станциясы мен химия зауыты салынады. Энергетика саласында №2 Жезқазған жылу электр станциясын салу және Сәтбаев қаласында №1 жылу станциясын жаңғырту көзделген.

Кәсіпкерлікті дамыту үшін Жезқазғанда көтерме-тарату орталығы, 3 қонақ үй кешені, демалыс үйі салынады. Сонымен қатар, жергілікті бюджет қаражатынан «Табысқа жету жолы» атты өңірлік бизнесті қолдау бағдарламалары әзірленеді.

«Ең бастысы 2026 жылға дейін 9,5 мыңға жуық жаңа жұмыс орны құрылады. Көріп отырғанымыздай, Кешенді жоспарда бірқатар өте маңызды іс-шаралар қамтылған.

Біз бұл құжатты мақұлдаймыз. Ұлттық экономика министрлігі мен Ұлытау облысының әкімдігі мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, жоспардағы барлық іс-шаралардың уақытылы орындалуын қамтамасыз етсін», - деді Әлихан Смайылов.