Метеорологтар Қазақстанда көктемгі егіс науқаны кезінде болжанып отырған ауа-райы жайында айтып берді
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында «Қазгидромет» өкілі Ерболат Мұқанов көктемгі егіс науқаны кезіндегі қандай ауа-райы болжанып тұрғандығы жайында айтып берді.
«2015 жылдың күзіндегі ылғалдың қорына тоқталатын болсақ, ылғалдылықтың төмен деңгейі Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Павлодар, Қарағанды облыстарында байқалды, ал нормадан жоғары көрсеткіш Солтүстік Қазақстан мен Жамбыл облыстарында болды. Қалған өңірлерде ылғалдықтың қанағаттанарлық көлемдегі қоры жинақталды»,-деп тоқталды Е. Мұқанов.
Оның сөзіне қарағанда, қыс кезінде нормаға жақын және одан жоғары деңгей Ақмола, Ақтөбе, Алматы облыстарында, сондай-ақ жоғары деңгей Солтүстік Қазақстан, Қостанай, Батыс Қазақстан және Қарағанды облыстарында қалыптасты.
«Көктемгі кезеңде ылғалы қоры бойынша еліміздің барлық аумағында қанағаттанарлық және оңтайлы мөлшер бар»,-деді ол.
Е. Мұқановтың айтуынша, сәуір айында Қазақстанның негізгі астық егетін өңірлерінде температура 5 градус жылылықты көрсетеді. Алайда, жауын-шашын нормадан төмен болмақ.
«Мамыр айында ауа температурасы нормадан жағарылау болып, 15 градустан асады және жауын-шашын деңгейден төмен түспек. Осы кезеңде ылғалдылық қорымен проблема туындауы мүмкін. Бірақ та, фермерлер осы жағдайда қандай шараларды қабылдау керектігін біледі деп ойлаймын»,-деді «Қазгидромет» өкілі.
Бұдан кейін ол маусым айындағы жағдайға тоқтала келе, температура деңгейі тиісті нормада болатынын, сонымен қатар жауын-шашын да қажетті деңгейде болжанып отырғанын жеткізді.
Оның пайымынша, биыл сапалы астық алуға жақсы мүмкіндіктер бар.