Метеорологтар таулы аймақтарда абай болуға шақырады
АЛМАТЫ. 7 қаңтар. ҚазАқпарат /Нәзира Елеухан/ - Алдағы төрт күнде Қазақстанның таулы аудандарында қар көшкіні болмайды. Дегенмен, метеорологтар таулы аймақтарда абай болуға шақырады және көшкіннің болмауы үшін қарлы тау беткейлеріне шықпауды ескертеді.
Алматы қаласының Гидрометеорологиялық мониторинг орталығының мәліметінше, өткен күндерде таулы аудандарда қар көшкіні байқалмаған. Таулы аймақтарда аяз сақталып, Жетісу Алатауында 21-37°, Іле Алатауында - 14-19°, ал Талас Алатауында -18° градус суық болған. Қатты жел мен боран байқалмаған. Қар көшкіні болуы жағдайы байқалмайды.
Ал, Алматы облысында 8 қаңтарға дейін аяз сақталады. Түнде ауаның температурасы 30 градусқа дейін төмендеуі мүмкін.
Бүгін Алматыда - ауа-райы құбылмалы. Қар жаумайды. Желдің жылдамдығы 0-5 м/с. Түнде ауаның температурасы 19-21, күндіз 10-12 градус аяз болады. Мамандардың айтуынша, мұндай ауа райы қала атмосферасында ластаушы заттардың жинақталуына әсер етеді.