METRO Қазақстан нарығынан кетеді: дүкендер мен дәмханаларға әсері қандай
АСТАНА. KAZINFORM — Германияның METRO көтерме сауда желісі Қазақстан нарығынан кетіп жатыр, алайда тауар жеткізуге деген сұраныс жоғалмайды. Бұл жағдай шағын дүкендерге, дәмханалар мен мейрамханаларға қалай әсер ететінін «Атамекен» ҰКП Сауда департаментінің басқарушы директоры Дәурен Аутәліпов Kazinform агенттігінің тілшісіне айтып берді
Оның сөзінше, METRO-ның бұл шешіміне компанияның бизнес-моделі мен Қазақстан нарығының ерекшеліктері тұрғысынан қарау қажет.
— METRO-ның Қазақстаннан кетуі елдегі сауда-саттық көлемінің тарылып жатқанын немесе инвестициялық тартымдылықтың төмендегенін білдірмейді. Мұндай қорытынды жасау үшін, біріншіден, тереңірек талдау қажет. Екіншіден, компанияның бұл шешімі туралы ақпарат тарағанына көп болған жоқ, — деді сарапшы.
Ол Еуропа мен Қазақстандағы көтерме сауда нарықтарының арасында айтарлықтай айырмашылық бар екенін атап өтті.
— Өздеріңіз білетіндей, METRO-ның бизнес-моделі — B2B клиенттерге бағытталған классикалық cash & carry жүйесі. Бұл — ірі көлемдегі тауар жеткізуге, сатылым көлемінің көп болуына байланысты бағаны салыстырмалы түрде төмен ұстауға және қосымша қызметтерді барынша азайтуға негізделген модель. Алайда Қазақстанда дәл осы классикалық бизнес-модельді ұстану онша тиімді емес, — деп түсіндірді Дәурен Аутәліпов.
Оның айтуынша, бұған Қазақстан аумағының үлкендігі және сұраныстың біркелкі болмауы әсер етуі мүмкін. Сонымен қатар B2B клиенттердің басым бөлігі ірі қалаларда шоғырланған.
— METRO-ның Қазақстанның әр өңірінде алты ірі сауда нүктесі бар. Бұл ретте біздің еліміз — аумағы бойынша әлемдегі ең ірі елдердің бірі, ал B2B клиенттік базасы біркелкі бөлінбеген. Осы жағдайлардың барлығы компанияның қолданыстағы бизнес-моделін бұрынғыдай ұстануды тиімсіз етеді, — дейді сарапшы.
Бұдан бөлек, Қазақстандағы сауда нарығы да қарқынды өзгеріп келеді. Бәсекелестер сауда дүкендерімен қатар, онлайн тапсырыс қабылдау және жедел жеткізу қызметтерін қамтитын көпформатты модельдерді дамытып жатыр.
METRO-дан тауар сатып алып келген шағын дүкендер, дәмханалар, мейрамханалар және басқа да кәсіп иелерін не күтіп тұрғаны туралы сұраққа жауап берген Дәурен Аутәліпов көтерме тауар жеткізуге деген сұраныс жоғалмайтынын атап өтті.
— Сауда министрлігінің мәліметтеріне сүйенсек, еліміздегі сауда көлемі артып келеді. Сұраныс бар болғандықтан, белгілі бір сауда желісінің нарықтан шығуы оған әсер етпейді. Қажеттілік сақталады, тек клиенттер өзге сауда желілеріне ауысады, — дейді Дәурен Аутәліпов.
Сарапшының пікірінше, METRO-ның нарықтан шығуы бағаның бірден өсуіне себеп бола қоймайды.
— Бір ойыншының нарықтан шығуы бағаның өсуіне тікелей себеп болмайды. Сондықтан бұл жағдай бағаға әсер етпейді, — деп түйіндеді ол.
Айта кетейік, 3 қазанда халықаралық көтерме сауда компаниясы METRO AG Қазақстандағы жұмысын 2027 жылдың наурыз айының соңына қарай тоқтататынын мәлімдеді. Компанияның барлық алты дүкені мен тауар жеткізу қызметі кезең-кезеңімен жабылады. METRO бұл шешімін бизнестің одан әрі тұрақты өсуіне қажетті негіз қалыптастыру қиын болғанымен түсіндірді.
METRO Қазақстандағы алғашқы дүкенін 2009 жылғы қазанда ашты. Содан бері компанияның елдегі бөлімшесі қоғамдық тамақтану орындары мен сауда кәсіпорындарына көтерме тауар жеткізуге маманданды. Соңғы жылдары METRO тауарларды жеткізу қызметін де дамыта түсті.