Мейірімді Астана: Елордалықтар боранда бір-біріне қалай көмектесті

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бейсенбі күні ақ түтек боран астаналықтарды әбігерге түсірді. Қалада табиғи сипаттағы төтенше жағдай жарияланды. Қала әкімі Әсет Исекешев астаналықтар мен қала қонақтарына үйден шықпауға кеңес берді. ҚазАқпарат боран құрсауында қалған тұрғындарға қол ұшын созған астаналықтардың жүрек жылытар амалдары туралы айтуды жөн көрді.
None
None

Боран күшейген сәтте әлеуметтік желі мен БАҚ-та мектепке шыққан баланың жоғалып кеткені туралы ақпарат тарады. Кейінірек, Астанадағы №78 орта мектептің екінші сынып оқушысы Русланды «КамАЗ» жүргізушісі Марат Көбесовтың үйіне алып кеткені белгілі болды.

ҚазАқпарат тілшісі Марат Көбесовпен хабарласып, оқиғаның мән-жайын сұрастырды:

«Кеше шамамен таңғы 5:30-да түнгі ауысымнан келе жатқанда, қар құрсауында қалдым. Жолым болып, қар тазалаушы келді және «КамАЗ»-ды әупірімдеп шығардық. Сол сәтте көшеде жылап келе жатқан баланы көрдім. Шамамен алты жарымның кезі. Қайда бара жатқанын сұрадым. «Мектепке» деп жауап берді. Мектебіне апарсам, жабық. Содан кейін үйге әкеліп, ыстық шәй бердім», - дейді жүргізуші.

Марат Көбесов таңғы 7:30-да баланы мектепке апарғысы келген, бірақ боран басталып кеткен. Ата-анасына хабарласайын десе, баланың ұялы телефоны болмаған.

«Баланы үйіне апарып тастаймын деп уәде бердім, бірақ кезекшіліктен кейін көзім ілініп кетті. 1-2 сағаттан соң, тісім ауырып, дәріханаға шықтым. Сонда алдымнан шыққан әйел №78 мектепке баратын жолды сұрады. Жоғалып кеткен баланы іздеп жүргенін айтты. Мен мән-жайды түсіндіріп, әйелді үйге әкелдім. Кейінірек әлеуметтік желіден ата-анасының нөмірін іздеп таптық», - дейді Марат Көбесов.

Боран салдарынан елордада түрлі жазатайым оқиғалар тіркелді. Сол себепті, Сарыарқа ауданының әкімі Арман Тұрлыбек әлеуметтік желіде тұрғындарды бір-біріне көмектесуге шақырды.

«Құрметті тұрғындар! Қолайсыз ауа райы кезінде бір-бірімізге қайырымды болайық, көмектесейік. Ақ түтек бораннан жолда жүре алмай тұрғандарды, машинасы омбы қарға батып қалғандарды көрсеңіздер тоқтап, көмектесіңіздер, кең пейіл болайық», - деп жазды ол Facebook-тегі екі қызды боран ұшырып кете жаздаған сәттің видеосына пікір білдіріп.

«Әбден ашуға булығып отырмын. Екі ер адам машинада видеоға түсіріп отыр, шығып көмек беруді тіпті ойына да алмайды. Ерінбегендер видеоға ән жазғанын қараңыздаршы», - деді Арман Тұрлыбек.

Күні бойы әлеуметтік желі қолданушылары жолда қиын жағдайға тап болғандар туралы хабарлап отырды. Атап айтқанда, 20 ұйымнан құралған автожүргізушілер клубтарының альянсы  әлеуметтік белсенділік танытты. Астаналық Жамбыл Сұрағанов Facebook-тегі өз парақшасында Альянс мүшелерінің 16 көлікті және 26 адамды қар құрсауынан шығарғанын жазды.

«ҚР ТЖ Комитеті мен полиция күшейтілген режімде жұмыс істеді. Бірақ, кей жерде үлгермей қалуы да мүмкін. Бұл жағдайда біз көмекке келеміз. Трассаға шығып, көмекке мұқтаж жандардың бар-жоғын тексереміз. Кеше көлігін жол бойына тастап, қалаға жаяу жүріп кеткен адамдарды көп кезіктірдік. Оларды жылытып, ыстық шәй бердік және үйлеріне дейін жеткізіп салдық», - деп жауап берді Жамбыл Сұрағанов ҚазАқпарат тілшісіне.

Өзге клубтар мен қала тұрғындары боранды күні өз көмектерін ұсынды. Тіпті, қардан шыға алмаған жандарға көмектесу үшін Көкшетаудан келіп жеткендер де бар.

Атап өтерлігі, ауа райының қолайсыздығына қарамастан, бейсенбі күні Астанада өрт сөндірушілер, полиция, жедел жәрдем, ТЖ департаменті қызметкерлері, медициналық  мекемелер және коммуналдық қызмет өз жұмыстарын жалғастырды. Астаналық полиция Қарағанды тасжолынан Қабанбай батыр даңғылына дейінгі айналма жолда 50 автокөлікті қардан шығарды.

Жұма күні Астананың ауа райы жақсарды және табиғи сипаттағы төтенше жағдай алынды.

Соңғы жаңалықтар