«Мейірімділіктің көктемгі аптасы» акциясы басталды

АЛМАТЫ. 5 мамыр. ҚазАқпарат - Алматыда фашизмді жеңуге қатысқандарды еске алу үшін «Мейрімділіктің көктемгі аптасы» акциясы басталды.

«Мейірімділіктің көктемгі аптасы» акциясы басталды

Бұл шара  «Болашақ бүгіннен басталады» деп аталатын республикалық әлеуметтік науқанның аясында ұйымдастырылып отыр. Оны Алмалы ауданы әкімдігі мен «Нұр Отан» ХДП Алмалы аудандық филиалы, ҚР Азаматтық альянсы, қалалық ақпараттық-ресурстық орталық, Соғыс ардагерлері мен зейнеткерлерінің кеңесі бірлесіп өткізуде. 11 мамырға дейін созылатын бұл акция ардагерлерді қамқорлыққа алу, әлеуметтік қолдау және жастарға патриоттық тәрбие берудің әдіс-тәсілдерін жетілдіруге бағытталған. Оған партияның «Жас Отан» жастар қанатының 1 мыңнан астам мүшелері тартылуда. Олар Алмалы ауданында тұратын Ұлы Отан соғысының 304 қатысушысы мен мүгедектеріне қамқорлық көрсетіп,  соғыс ардагерлерінің есімі берілген көшелерді тазартып, көгалдандырады. Сондай-ақ «Жаңарған қолжазба» деп аталатын соғыс ардагерлерінің ғұмырнамаларын жүйеге келтіріп, жарыққа шығарады. Әлия мен Мәншүк монументінде «Еске алу вахтасы» ашылып, Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы әскери-патриоттық тақырыпта жас суретшілер көрмесін ұйымдастырады.