Мейрамханада тамақтанар алдында дұға еткендерге 15% жеңілдік жасалған
АСТАНА. ҚазАқпарат - Американың Солтүстік Каролина штатының Mary's Gourmet Diner мейрамханасының иелері алдына қойылған асты ішер алдында дұға еткендерге 15 пайыз жеңілдік жасаған, деп хабарлайды HLN.
Тамақтану мекемесінің иесі Мэри Хаглунд мұндай жеңілдіктердің үнемі жасала бермейтінін жеткізді. Шілде айының аяғында ресторан қонақтарының бірі өзінің Facebook-тегі парақшасында жеңілдік жасалған чектің суретін жариялаған болатын. Небәрі бірнеше күн ішінде бұл суретке лайк басқандар саны 10 мыңға жуықтаған. Сондай-ақ аталмыш мейрамхананың әлеуметтік желідегі парақшасына жазылушылар саны да екі есеге жуық өскен. Мэри Хаглундтің айтуынша, олар мұндай шараны төрт жылдан бері қолға алып келеді. «Мен мұны міндетті талап ретінде енгізген емеспін, алайда үстел басында ас ішер алдында дұға етіп отырған адамды көрсем, міндетті түрде оған алған тамағы үшін төлемдерінде жеңілдік жасап, осылайша алғысымды білдіремін», - дейді ол.