Мейіргерлердің өкілеттігі кеңейіп, дәрігер қабылдауын күту уақыты қысқарды

АСТАНА. KAZINFORM — Бүгінде медициналық-санитариялық алғашқы көмек жүйесінде мейіргерлердің өкілеттігі кеңейтіліп, бұл дәрігерлерге түсетін жүктемені және қабылдауды күту уақытын азайтуға мүмкіндік берді. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрлігі мәлім етті.

Мейіргерлердің өкілеттігі кеңейіп, дәрігер қабылдауын күту уақыты қысқарды
Фото: Ақмола облысының денсаулық сақтау басқармасы

Ведомствоның мәліметінше, жалпы практика дәрігерлерінің жоспарлы қабылдауын күту мерзімі 7–10 күннен 2–3 күнге дейін қысқарды. Сонымен қатар, халықты алғашқы медициналық көмекпен қамту деңгейі 60%-дан 80%-ға дейін артты.

Мейіргерлік қабылдау аясында пациенттер:

— бастапқы консультация;
— дәрілік заттарға рецепт;
— бейінді маманға жолдама ала алады.

Кеңейтілген практика шеңберінде мейіргерлер сондай-ақ:

• дәрігерге дейінгі тексеру жүргізеді (қан қысымын, бой мен салмақты өлшеу, теріні, лимфа түйіндерін, ісіктерді қарау);
• онкологиялық белгілерді ерте анықтау үшін ауыз қуысы мен сүт бездерін тексереді;
• жүрек-қантамыр ауруларынан бастап онкологиялық дерттерге дейінгі аурулар қаупін бағалау үшін сауалнама мен чек-парақтарды қолданады.

Дербес мейіргерлік қабылдау дәрігерді алмастырмайтынын айта кеткен жөн. Ол бекітілген регламенттер мен сапаны бақылау жүйесі шеңберінде қатаң түрде жүзеге асырылады, бұл пациенттердің қауіпсіздігіне кепілдік береді.

ДСМ өткен жылдан бастап онкологиялық скринингтер ТМККК пакетіне енгізіліп, бұл 300 мың сақтандырылмаған азамат үшін тексерулердің қолжетімділігін қамтамасыз ететінін еске салды. 

Созылмалы аурулары бар пациенттерді динамикалық бақылаумен қамту деңгейі 30%-дан 52%-ға дейін кеңейген.

Айта кетейік, бұған дейін Қазақстанда көкжөтелмен ауырғандар саны 2,4 есе азайғанын жаздық.