Мейірім Нұрсұлтановтың WBC титулы үшін жекпе-жегі өтуіне бір күн қалғанда тоқтатылды
АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстандық боксшы Мейірім Нұрсұлтанов пен америкалық кіші Хесус Рамос арасындағы WBC тұжырымы бойынша орта салмақтағы уақытша чемпиондық атақ сарапқа салынатын жекпе-жек өтпейтін болды.
Бұл туралы Сан-Диегода өткен ресми салмақ өлшеу рәсімі кезінде мәлім болды.
WBC ақпаратына сәйкес, бейсенбіге қараған түні Хесус Рамостың денсаулығы сыр беріп, оған медициналық көмек көрсету үшін Сан-Диего маңындағы ауруханаға жеткізілген. Тексеру мен емнен кейін боксшы жұма күні таңертең ауруханадан шығарылды.
Кіші Хесус Рамос орта салмақтағы WBC уақытша чемпионы атағын алғаш рет қазақстандық Мейірім Нұрсұлтановқа қарсы жекпе-жекте қорғауы тиіс еді.
2023 жылдан бері рингке шықпаған Мейірім Нұрсұлтанов жекпе-жектің тоқтатылуына қатысты пікір білдірді.
– Келесі аптадан бастап промоутерлермен келіссөз үстеліне отырып, алдағы қадамдарды талқылаймыз. Қай чемпионның бос екенін қараймыз және кез келген қарсыласпен рингке шығуға дайын боламыз. Мен оңай жол іздемеймін. Маған мықты қарсыластар керек. Егер чемпион болса – чемпионмен, лайықты үміткер болса – онымен жұдырықтасамыз. Біз дайынбыз. Бұдан да мықты болып ораламыз, – деді Мейірім Нұрсұлтанов.
Бұған дейін Рамос – Нұрсұлтанов жекпе-жегінің жеңімпазы WBC нұсқасы бойынша әлем чемпионы, доминикандық Карлос Адамеспен кездесуге міндетті үміткер атануы тиіс болған.
Айта кетейік, тамыздың басында Мейірім Нұрсұлтановтың екі жылдан кейін ғана шаршы алаңға шығатыны хабарланды.